Балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны жаңартылды. Бағдарламаға балалар мен жасөспірімдер күнделікті өмірде және цифрлық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерге арналған 140-тан астам тақырып енгізілді.Жаңа тақырыптарды Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл және денсаулықты сақтау мәселелерін қамтиды.Сабақ мазмұны балалардың жас ерекшелігіне қарай бейімделген. Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен қауіпсіз қарым-қатынас жасауға, көмек сұрауға және адасып қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігіне үйренеді. Бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернеттегі қауіпсіздік, күмәнді сілтемелер, өрт және эвакуация кезіндегі әрекеттер қарастырылады.Жасөспірімдер үшін буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, жалған ақпарат, дипфейктер және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану тақырыптары енгізілген. Сонымен қатар қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ақша талап ету және қудалау жағдайлары талқыланады.Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері дропперлік пен «оңай ақша» схемаларын, қаржылық және еңбек алаяқтығын, қауіпті онлайн-таныстықтарды, груминг пен сталкингті, манипуляция мен арбауды, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелдерін қарастырады.Сабақтар апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Негізгі басымдық практикалық дағдыларға берілген: балалар нақты өмірлік жағдайларды талдап, қауіпті алдын ала тануға, өзін қорғауға және көмек қажет болғанда кімге жүгіну керектігін білуге үйренеді.
Балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары жаңартылды: бейтаныс адамдармен қарым-қатынастан дипфейк пен дропперлікке дейін
1
0
0
28.09.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ