БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 10 218 ОҚУШЫҒА АРНАЛҒАН 27 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 10 218 ОҚУШЫҒА АРНАЛҒАН 27 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Апатты және үш ауысымды мектептерді, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін Батыс Қазақстан облысында 10 218 оқушы орнына арналған 27 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің өңір тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.

Биыл Білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен екі мектептің құрылысы қаржыландырылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 16 200 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарлануда. Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында барлығы 5 мектеп ашылды, тағы 12 мектепті осы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл өңірдегі 12 апатты жағдайдағы білім ошағының, сондай-ақ 11 мектептегі оқушы орындарының тапшылығын шешеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жүйені дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту білім беру сапасын арттыруға әсер ететінін атап өтті.

«Жыл басынан бері Оқу-ағарту министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін бес негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл білім саласындағы менеджментті нығайту және "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" кадрлық резервін қалыптастыру, 21 ғасырдың құзыреттілігін дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау бойынша кешенді бағдарламаны іске асыру, педагогтерді даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу, жұмыс істеп тұрған мектептерді жаңғырту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау. Бұл шаралардың барлығы «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрсетілген. Білім беру сапасын арттыру мәселелеріне осындай жан-жақты көзқарас жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деді Ғани Бейсембаев.

Ведомство басшысы педагог кадрларды даярлау мәселелеріне тоқталып, бүгінгі таңда министрлік "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" бағдарламасының алғашқы плеядасын қалыптастыруды аяқтап қалғанын атап өтті.

Кездесуге облыстың 12 ауданынан 200-ден астам педагог, ата-аналар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ білім беру жүйесінің қызметкерлері қатысты. Ғани Бейсембаев тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Үш сағат ішінде барлық тілек білдірушілер еліміздің бас педагогына ашық форматта тікелей сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, олар қосымша білім беру орталықтары педагогтері мен кітапханашылардың жалақысын көтеруге, инфрақұрылымды жақсартуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға қатысты болды. Олардың бір бөлігі министрдің жеке бақылауына алынды.

Сондай-ақ, ведомство басшысына Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі мұғалімі өз өтінішін айтты. Бұл елдегі ең көне музыкалық мектептердің бірі. Кездесу соңында министр осы мектепке барып, материалдық-техникалық жабдықтарымен танысты. Сондай-ақ бірқатар оқу орындарын жоспардан тыс аралап шықты. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында барлығы 1019 білім беру ұйымы, оның ішінде 376 мектеп жұмыс істейді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ