БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ АРҚЫЛЫ АТА-АНА БАҚЫЛАУЫ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛУДА

БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ АРҚЫЛЫ АТА-АНА БАҚЫЛАУЫ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛУДА

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бейнебақылау камералары арқылы ата-ана бақылауы жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы министрлік өкілдері, облыстық білім басқармалары, аумақтық департаменттер басшыларының қатысуымен өткен аппарат отырысында айтылды.Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. «Бүгінгі таңда барлық мектептер белгіленген топтар бойынша қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген: басқару орталығына қосылу, дабыл түймелері, лицензиялық күзет, бейнебақылау камералары, хабарландыру жүйелері, турникеттер. Біз барлық білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын күшейту жұмыстарын жалғастырамыз. Бүгінгі күні білікті күзет ұйымдарын тарту үшін типтік талаптар әзірленді. Таяу уақытта әрбір білім беру ұйымында нысанның қауіпсіздік деңгейіне сәйкестігін айқындайтын айрықша белгі пайда болады. Бейнебақылау камералары арқылы ата-ана бақылауы жүйесін енгізу ұсынылып отыр», - деді төраға.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған балалардың тамақтануын ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктер туралы айтты.

«Кейбір білім басқармаларының жұмысындағы олқылықтарды байқап отырмыз. Өңірлерге тамақтануды ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белгіленген алгоритмдер мен ұсынымдар бірнеше рет жолданды. Жұмыс уақытылы орындалмай, нәтиже болмаған жағдайда тиісті шешім қабылданады», - деді министр.Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда сапалы тамақтану мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі мектептерде мониторинг жүргізілуде. Бұдан әрі мониторинг балабақшалар мен колледждерде де жүргізіледі. Елімізде барлығы 60 мониторингтік топ құрылған.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ