БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ ҚАЗАҚСТАН КОЛЛЕДЖДЕРІНІҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІ БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ ҚАЗАҚСТАН КОЛЛЕДЖДЕРІНІҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІ БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Болашақ педагог Қазақстан колледждерінің үздік студенті атанды. Регина Боярова Павлодар педагогикалық жоғары колледжінде шет тілі мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. «Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының жеңімпазы бала кезінен педагог болуды армандаған.

«Мен педагогтер әулетінде өстім және әрқашан мұғалім болуды армандайтынмын. Әкем – технология және сызу пәнінің мұғалімі, анам – география пәнінің мұғалімі, әжем бастауыш сынып мұғалімі болған. Анам мен әкемнің де туыстары – мұғалімдер. Әулетіміздің педагогика саласындағы еңбек өтілі шамамен 200 жылды құрайды. Олардың қалай білім алғаны, балаларды қалай тәрбиелегені туралы әңгімелері әрқашан мені шабыттандыратын. Олар мұғалім мамандығы туралы әрдайым асқан қызығушылықпен айтатын. Мен де педагог болуды армандап, өмірімді білім беру саласымен байланыстырамын деп шештім. Қазір мұғалім болып жұмыс істеп жүрген туған-туыстарым олар үшін жақсы жағдайлар жасалып жатқанын айтады. Педагогтердің жалақылары көтеріліп, өзіне тән емес функциялардан босатылып жатыр», – деді болашақ педагог, конкурс жеңімпазы Регина Боярова.

Айта кетейік, колледждердің ТОП-100 студенті 1-15 қараша аралығында онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Байқаудың республикалық кезеңіне еліміздің барлық өңірінен колледждердің 200-ге жуық үздік студенті іріктелді. Олар өздерінің ғылыми әзірлемелерін, инновациялық идеялары мен стартап-жобаларын ұсынды.

«Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасы белсенді жастарды қолдау және колледждерде кадрлар даярлауды танымал ету мақсатында өткізіледі. Байқаудың жеңімпаздары – оқуда және қоғамдық өмірде жақсы нәтиже көрсеткен дарынды балалар, үлгерімі жақсы студенттер, студенттік өзін-өзі басқару қозғалысының көшбасшылары, «WorldSkills» халықаралық чемпионатының және басқа да зияткерлік олимпиадалардың, конкурстар мен жарыстардың қатысушылары. Байқау жеңімпаздары өз мамандықтары бойынша кәсіпорындардың бірінші басшыларынан жұмысқа шақыру алады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ