«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен берілетін жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке өседі

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен берілетін жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке өседі

Шалғай ауыл-аймақтардағы жастардың мәселелерін шешу, белсенді кадрларды өңірлерге тарту – Жастар жылының негізгі мақсаты. Сол үшін де «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке өседі. Оған қоса, жұмыс істемейтін, оқымайтын жастарды жігерлендіру үшін жол картасы қабылданды. Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасаған Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, Жастар жылында қыруар іс атқарылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бес негізгі бағыт айқындалды. Олар – тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, білімді дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін көтеру және жас отбасыларды қолдау. Қазіргі урбанизация дәуірінде жастарды ауылда ұстап отыру мүмкін емес. Десе де, жас оларды ауылға тарту жұмыстарына басымдық беріледі.

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

– Ауылға баратын жастардың бір жолғы жәрдемақысы 100 АЕК-ке өсіп отыр. Біз ауылға баратын жастардың кәсіпорындарға арнайы квота мен білім гранттары көбейтуді қарастырып жатырмыз. Осыған орай «Ауылым – ел бесігім» жобасы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 100 мың жас оқытылады.

Ал «Жас маман» бағдарламасы бойынша оқу орындарында негізгі мамандықтарды қайта жаңғыртып, 200 мың білікті кадр даярлау көзделген. Гүлнар Иқсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша жастардың өз ісін ашуына жылына 10 мың грант бөлінбек. Стартап жобаларды таңдағанда кәсіби тұрғыдан қарау керек. Яғни оларға бизнес кеңесшілер қажет. Бәскелестік болуы тиіс. Сонда ғана қолға алған шаруа тиянақты атқарылады. Кәсіпкерлікпен қатар, жас ғалымдарды қаржыландыру да ұлғаяды.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, халық қыруар қаражат бөлінген мемлекеттік бағдарламалардың кейбірінің игілігін көре алмай отыр. «Сондықтан оның тетіктерін әлі де жетілдіре түсу керек», – дейді. Бақытгүл Хаменова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жоғары оқу орындарына бөлінген 5 мың гранттың мың жарымы игерілмей қалған. Қостанай облысына бөлінген 50 грант игерілмей қалған. «Серпін» бағдарламасының өзі – жұмыссыздықты азайту жұмыссыздықты жоқ қылу, дегенмен де биыл жоғары оқу бітірген түлектердің 50 пайызы жұмысқа орналаспаған. Осы жобаға жауаптылар алдағы уақытта сын-пікірлердің барлығы ескеріледі дегенді айтады.

Айта кетейік, жоғары оқу орындарында волонтерлікпен айналысатын жастардың шәкіртақысын 30 процентке көтеру де жоспарда бар. Оған қоса «Бақытты отбасы» ресурстық орталығы жұмысын бастайды. Жоба ажырасу деңгейі жоғары сегіз өңірде пилоттық режимде іске асырылады. Ал Астана, Алматы және Шымкент сияқты үш ірі қалада жастар үшін жылына 1 мың пәтер салу да биыл басталады. Осының барлығы жастардың бойына құндылықтарды сіңіруге, әлеуметтік белсенділігін көтеруге септігін тигізбек. Жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шараларына да басымдық беріледі. Жас буын Жастар жылынан көп үміт күтеді. Сауалнамаға қатысқан олардың 75 проценттен астамының биылғы жылдан күтері көп.

Дереккөз: 24.kz