Биыл елімізде алғаш рет өтетін шахматтан республикалық олимпиадаға 100 мыңнан астам оқушы қатысады. Іріктеу сайыстарына 2-11 сынып оқушылары қатысады.
Олимпиада 10 қаңтарда еліміздің барлық өңірі мен мектебінде басталады. Осындай іс-шаралар ұйымдастыру арқылы министрлік еліміздегі шахмат қозғалысына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
«Президенттің қолдауымен «Мектептегі шахмат» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шахмат факультатив ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Сондай-ақ мектептерде шахмат секциясының саны 10 мыңнан асты. Шахмат қозғалысын одан әрі қолдау мақсатында биыл министр Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасымен оқушылар арасында шахматтан олимпиада өткізілгелі отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, кубоктармен және дипломдармен марапатталады. Бұл оқушылардың шахмат қозғалысына қызығушылығын оятуға септігін тигізеді. Бұл - мектеп, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұратын ауқымды турнир. Әр мектептің қатысқаны маңызды», – дейді Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Мектептерде ашылған секциялардан бөлек, 60 мың оқушы қосымша білім беру ұйымдарындағы 3,5 мың шахмат үйірмесінде шахматпен айналысады.
Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов министрлік пен Шахмат федерациясы арасындағы оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, шахмат турнирлерін өткізу және жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша бірлескен жұмысқа қатысты келісімдер туралы айтқан болатын.