Елімізде бір миллионнан аса оқушы спорт секцияларына қатысады

Елімізде бір миллионнан аса оқушы спорт секцияларына қатысады

ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев білім және әлеуметтік-мәдени салаға қатысты түрлі мәселелер жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкімет баспасөз қызмтеіне сілтеме жасап. 
 

Кеңеске ҚР білім және ғылым, мәдениет және спорт, ішкі істер, сыртқы істер, қаржы, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері қатысты. Бейнеконференция байланысы режимінде балалар құқығы жөніндегі уәкілетті Аружан Саин, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары қатысты. 

Күн тәртібінде мектеп оқушыларының сабақтан тыс, каникул кезінде және демалыс күндері іспен шұғылдануын және бос уақытын өткізуін ұйымдастыру мақсатында жұмыс істеп тұрған мәдениет, спорт, білім нысандарын пайдалану мәселесі қаралды. 

Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, еліміздегі мектептердің 86 пайызы спорт және акт залдарымен қамтамасыз етілген. Мектептерде 39 440 спорт секциялары бар, оларға 1 млн 150 мың бала қатысады. БҒМ, МСМ және әкімдіктердің білім беру, мәдениет және спорт нысандарын балалардың бос уақытын өткізуін қамтамасыз ету мақсатында ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі бірлескен бұйрығы әзірленген. 

"Қолда бар инфрақұрылымның қолжетімділігі мен тиімді пайдаланылуын ұйымдастыру қажет. Жыл сайын елімізде жүздеген жаңа нысандар: спорттық ғимараттар, музейлер, театрлар салынады. Әрбір мектепте дерлік спорт және акт залдары бар, оларды сабақтан бос уақытта барынша пайдаланып, қолжетімді секциялар мен үйірмелер ұйымдастыру керек. Мұның барлығы жас ұрпақтың рухани, адамгершілік тәрбиесіне, сауықтырылуына, шығармашылық және әлеуметтік тұрғыда өз қабілеттерін жүзеге асыруына ықпалын тигізетін болады", - деді вице-премьер. 

Сонымен қатар кеңесте еліміздің өңірлерінде спорт инфрақұрылымдарына қажеттілігі зор өңірлерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу барысы талқыланды. 

Елбасы тиісті тапсырманы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Жолдауында берді. Оны іске асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі салу жоспарланған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің тізімін әзірледі, оған сәйкес 2019 жылы 22 нысанды, 2020 жылы 37-сін, 2021 жылы 41 нысанды пайдалануға беру көзделген. 

Бұдан өзге, кеңес қатысушылары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге дайындық мәселелерін, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасын қорының "Ел үміті" және "Қамқорлық" бастамаларын іске асыру, сондай-ақ, мектептерді полиция учаскелік инспекторларымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. 

Кеңес қорытындысын шығара отырып, вице-премьер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері төңірегінде ведомствоаралық кооперацияның қажет екенін атап өтті. 

"Бейінді органдар арасында тиісті өзара іс-қимыл жоқ. Мектеп және учаскелік инспекторлар, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар мен педагогтар тығыз ынтымақтастықта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтап, олармен жұмыс жасауы тиіс. Сонымен бірге жауапкершілік тек мектепке жүктелмейді. Біріншіден, баланы тәрбиелеу - бұл ата-ананың міндеті және жауапкершілігі", - деп қорытындылады Сапарбаев. 

Толығырақ: tengrinews.kz