Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты еліміздің барлық білім беру мекемелері мен оқу орындары қашықтан оқуға көшті. Алғашқы сабақтар жұртшылық арасында үлкен талқы туғызды. Осы орайда, біз бейнесабақтардың жазылу процесімен жақынырақ танысу үшін, түсірілім алаңына барған едік. Тек оқушылар мен ұстаздарға ғана емес, сонымен қатар ата-аналар қауымына да тансық форматтағы онлайн оқу әдісі алғашында көңілге күдік ұялатқаны рас.
Білім және ғылым министрлігінің үйлестіруімен сәуірдің 6-нан бастап төртінші тоқсанның бейнесабақтары республикалық “Ел арна” және “Балапан” арналарынан көрсетілуде. Алғашқы сабақтар жұртшылық арасында үлкен талқы туғызды. Айтылған пікірлер әралуан. Осы орайда, біз бейнесабақтардың жазылу процесімен жақынырақ танысу үшін, түсірілім алаңына барған едік. Оқушылар төртінші тоқсанда қамтуы тиіс 3 мыңнан аса сабақтың видео нұсқасын түсіріп дайындауды “Bilim Media Group” компаниясы өз мойнына алды.
Еліміздің білім беру саласына тың өзгерістер әкеліп, қашықтан оқуға арналған контент әзірлеуде мол тәжірибе жинаған “Bilim Media Group”-тың қызмет кеңсесі әп-сәтте телестудияға айналған. Аз ғана уақыттың ішінде декорациялар құрылып, кабинеттер видео студия техникасымен жабдықталыпты. Компания директоры Рауан Кенжеханұлының Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасына сүйенсек, онлайн сабақтарды әзірлеу үшін наурыздың 23-нен бастап 150 мұғалім мен 60-тан аса қызметкер 8 студияда демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Карантин жағдайына қарамастан, жедел шығармашылық топ құрған компания, мұғалімдер мен оқушыларды қолдау үшін өз тарапынан бар мүмкіндікті жасауда.
Қашықтан оқытуды қамтамасыз етуге атсалысатын мамандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін, қатынау көлігінен бастап ыстық тамаққа дейін – барлық жағдай жасалған. Ең маңыздысы – медициналық тексеру мен қажетті көмек ұсынатын дәрігер де бар. Масқа, қолғап, қол тазалағыш секілді бұйымдар мол дайындалған. Елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмыс орнындағы қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынына көзіміз жетті. Төтенше білім алаңына айналған ұжым көп телеарнаның үлкен дайындықпен жасайтын бір жылдық жоспарын небәрі бірер аптада орындап жатыр десек артық айтқандық емес. Бекітілген сабақ кестесіне сәйкес күн сайын эфирге 60 бейнесабақ және 10 анимациялық танымдық бейнематериал шығады. Демек, оқушыларға аптасына ұзақтығы 60 сағатқа созылатын 300 сабақ ұсынылады. Бұл күн сайын телеэфир талаптарына сай жасалған 12 сағаттық мазмұнға тең. Карантин жағдайында білікті маман мен техника санының жетіспеуіне қарамастан, 2 апта ішінде 800 бейнесабақ түсіріліп, оның тең жартысы монтаждан өткен.
Толығырақ: bilimdinews.kz