Еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды

Еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды

Балалардың құқықтары мен мүддесін қорғау механизмдерін жетілдіру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұл туралы толығырақ Орталық коммуникациялар қызметінде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан хабарлады.

Оның айтуынша, Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институтын енгізу жөніндегі жоба табысты жүзеге асуда.

«Балалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітілді. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтар ата-аналар мен балалар көмекке жүгінетін, педагог-психологтер өзара кеңесетін орынға айналды. Министрлік қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің нормативті санын 5 мың балаға 1 маман қатынасында белгілеу мәселесін қарастыруда», - деп хабарлады Еділ Оспан.

Сонымен қатар Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге ұшыраған немесе оған куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітілді. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық талаптары кеңейтілді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ