ЕҢ БЕДЕЛДІ ӘЛЕМДІК ПӘН ОЛИМПИАДАЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АЛДЫ

ЕҢ БЕДЕЛДІ ӘЛЕМДІК ПӘН ОЛИМПИАДАЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АЛДЫ

Жыл басынан бері 23 қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында IMO, IphO, IChO, IBO, IGеO, IOI және IOL пәндік олимпиадалары бар. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиада жеңімпаздарымен және жүлдегерлермен, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтермен кездесті.

Физика пәнінен халықаралық олимпиаданың (IPhO) күміс жүлдегері, Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицей оқушысы Марғұлан Нұрсағатов тәлімгерлеріне өз алғысын білдірді.

«Физиканың барлық қыр-сырын үйрету үшін үлкен күш-жігерлерін жұмсаған мұғалімдеріме және мені қолдап келе жатқан ата-анама рахмет айтамын. Сондай-ақ, еліміздің болашағына – біздерге сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына ерекше алғыс айтқым келеді», – деді Марғұлан Нұрсағатов.

Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болған қазақстандық оқушыларды қолдау шараларына тоқталды.

«Бірінші кезекте сіздерді жеңістеріңізбен құттықтасам деймін. Сіздер еліміздің көк туын әлемдік аренада жоғары көтеріп, математика, физика, химия, биология, география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Бұл ұстаздардың да орасан зор еңбегі, жетістігі деп білемін. Мемлекет дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Өткен жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төленуде. Биыл әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке 6 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілді. Бұл шаралар, ең алдымен, олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, алтын медаль үшін - 1500 АЕК, күміс медаль үшін - 1000 АЕК, қола медаль үшін - 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогке сыйақы - базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс үшін - базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, қола үшін - базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде төленеді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ