ЕҢБЕК АДАМЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ СТУДЕНТТЕРІ WORLDSKILLS KAZAKHSTAN АЛАҢЫНДА ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН КӨРСЕТУДЕ

ЕҢБЕК АДАМЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ СТУДЕНТТЕРІ WORLDSKILLS KAZAKHSTAN АЛАҢЫНДА ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН КӨРСЕТУДЕ

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан WorldSkills Kazakhstan республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында 500-ден астам колледж студенттері бақ сынасуда. Қатысушылардың жарыс алаңдарын Премьер-Министрдің орынбасары,  Оқу-ағарту министрі, Ғылым және жоғары білім министрі аралап көрді.

Вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, елде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары, осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім берудің де маңызы артып келеді.

«Қазір елімізде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама жобасы талқылануда. Онда колледжде берілетін білім мен біліктілікке қатысты көп көңіл бөлінген. Цифрлық технологиялар қанша дамып жатса да, кәсіби техникалық орта білімді мамандарға деген сұраныс артып келеді. Мысалы, дәнекерші, сантехник, тұрмыстық техниканы жөндеушілер, көлік механиктері т.б. Бұл чемпионаттың жастар арасында осы мамандықтарды дәріптеуде маңызы зор. Жарыста сіздерге сәттілік тілеймін!», - деді Тамара Дүйсенова.

Бүгінде еліміздің 772 колледжінде 530 мыңнан астам студент оқиды. Мемлекет жұмысшы мамандықтарын қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдауда. Мемлекеттік тапсырыс 133 мың орынға дейін ұлғайтылды, ал осы жылдың қыркүйегінен бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға өсті.

«Адамды шыңға жетелейтін, мақсатына жеткізетін қасиеті - еңбекқорлық. Ол қазіргі заманда бізге қажетті басты құндылық. Бүгінгі таңда кәсіпорындарға жоғары білікті мамандар, өз ісінің шеберлері қажет. Сіздер еліміздің экономикасының дамуына өз үлестеріңізді қосатындарыңызға сенімдімін. Мемлекет басшысының қолдауымен келесі жылы колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50%-ға өседі. Ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 155 мың орынға дейін артады, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді», - деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

WorldSkills Kazakhstan алаңында еліміздің барлық өңірлерінен келген мықты студенттер бәсекеге түсуде. Жарыстың басты ерекшелігі ретінде, оған 520 сарапшының қатысуын атап өтуге болады. Қатысушылардың жұмыстары 7 бағыт және 30 құзыреттілік бойынша бағаланады: кірпіш қалау, құрылыс және сылақ жұмыстары, сантехника мен жылыту жұмыстары, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиялары, кондитер, шаштараз ісі, мейрамхана сервисі және т.б. Чемпионат 2023 жылдың 23-25 қарашасы аралығында өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімдері 27 қарашада чемпионаттың жабылу салтанатында жарияланады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ