ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ: «БІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – БАЛАЛАРҒА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ»

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ: «БІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – БАЛАЛАРҒА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ»

Мектеп оқушыларын тамақтандыру мәселелері өңірлік білім басқармаларының басшыларымен, сондай-ақ Министрліктің аумақтық департаменттерімен өткен кеңесте талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 1 қыркүйектен бастап 7 мыңнан астам мектепте, оның ішінде 591 білім ошағында баламалы асхана: кейтеринг және буфеттік тамақтану әдістерімен 1-4 сыныптада оқитын 1,6 млн оқушыға тегін тамақ беріледі.

Министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бүгінде білім беру ұйымдарында оқушылардың тамақтану нормаларын қайта қарады.

«Өңірде өндірілетін отандық өнімдерді пайдалана отырып, ас мәзірін әзірлеу нормасы енгізілді. Бракераждық комиссиялар мен ведомствоаралық сарапшылар үшін мониторингтік топтардың қызмет тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді. Мектептерде тамақтану мәдениетін қалыптастыруға басты назар аударылады. Атап айтқанда, санитарлық талаптар мен гигиенаны сақтау, дастарханды безендіру, дұрыс тамақтануды насихаттау», – деп атап өтті комитет төрағасы Насымжан Оспанова.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ақмола облысының Жібек жолы кентіндегі тексерілген мектепті еске салып, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында балаларды сапалы тамақтандыру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасау. Оқушылардың дұрыс тамақтануы олардың денсаулығы мен оқу қабілетін арттыруға септігін тигізетін маңызды шарттарының бірі. Бұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Білім басқармаларының, аумақтық департаменттердің басшылары бақылауды күшейтіп, сапалы тамақтандыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруы қажет», - деді министр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздің барлық мектептерінде тамақтандырудың қандай деңгейде ұйымдастырылғанына мониторинг жасалуда. Бақылау жұмыстары әрі қарай балабақшалар мен колледждерде де жүргізілмек. Ел бойынша барлығы 60 мониторингтік топ құрылды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ