IBO-2024: басталуына 12 күн қалды

IBO-2024: басталуына 12 күн қалды

2024 жылғы 7-14 шілде аралығында Астанада IBO-2024 биологиядан 35-ші Халықаралық олимпиада өтеді. Бұл оқушылар арасындағы ең беделді олимпиадалардың бірі. Биыл оған әлемнің әр түкпірінен ең мықты 305 жас биолог қатысады.

Еліміздің құрама командасына олимпиадалық резерв арасында ең жоғары рейтингке ие болған төрт оқушы мен екі жетекші кірді:

Ғалымжан Бақтыбай - «Білім-Инновация» дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 11 сынып оқушысы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үш алтын, IBO-2023 олимпиадасының қола медалінің, Авиценна атындағы Халықаралық олимпиаданың күміс медалінің иегері; Амина Тынырбай - №10 дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» Қызылорда облыстық лицей-интернатының 11 сынып оқушысы. 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алтын медалінің, National Brain Bee республикалық олимпиадасының қола медалінің, Авиценна атындағы Халықаралық олимпиаданың күміс медалінің иегері; Нұртөре Төреханұлы - Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицейінің 11 сынып оқушысы. National Brain Bee республикалық олимпиадасында алтын медаль, International Mendel'S Biology Olympiad-2023 олимпиадасында алтын медаль, 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада алтын медаль иегері; Диас Сүлейменов - Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың екі мәрте алтын медалінің иегері, International Mendel'S Biology Olympiad-2022-де алтын медаль, Авиценна атындағы Халықаралық Олимпиадада қола жүлдегер иегері.

Жетекшілері: Бауыржан Смайлов - биотехнология магистрі, IBO-2007 халықаралық олимпиадасының қола жүлдегері; Ернар Батыржанов – Ульсан Ұлттық Ғылым және технологиялар институтының (UNIST, Корея) студенті, биология бойынша халықаралық және республикалық олимпиаданың жеңімпазы.

Анықтама: Олимпиада теориялық және 4 практикалық турдан тұрады (биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы). IBO-ға Қазақстан құрама командасы 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар ішінде ел құрамасы 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль, 14 грамота жеңіп алды. Еліміздің қоржынында 90 марапат бар.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ