Қарағанды облысында оқушылардың денсаулығына арналған бағдарлама қабылданды

Қарағанды облысында оқушылардың денсаулығына арналған бағдарлама қабылданды

Қарағанды облысында оқушылардың денсаулығын жақсартуға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Пилоттық жобаға әзірге аймақтағы 15 мектеп қатысады. Қалған 450 мектеп кезең-кезеңімен көшпек. 

«Ауру астан» дейді қазақ. Сондықтан балалардың күнделікті не ішіп-жейтіні аса маңызды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, ең әуелі мектептегі ас мәзірі қатаң бақылауға алынбақ. Газды сусындар, майлы тағамдарға тиым салынады. Есесіне көкөніс, жеміс-жидек, микроэлементтерге бай ас-ауқат түрі көбейеді. Ал оның сапасын мектеп әкімшілігі, медицина маманы және ата-аналардан құрылған арнайы комиссия анықтап отырады. 

Темірлан Саматов,  облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы: 

- Тәуліктік нормаға сай аз мәзірінің құрылуын бақылаймыз және оған іс-шара керек болса қолданамыз. Заңнама негізінде бізде мектептерде аса майлы, газдалған, тағы да басқа зиянды заттарды сатуға бізде тыйым салынған. Олардың барлығы біздегі нормативті құжаттарда көрсетілген.  

Дәрігерлердің айтуынша, соңғы 5 жылда өңірде семіздікке шалдыққан балалар саны күрт өскен. Сондай-ақ оқушылар арасында эндокриндік дерт пен тыныс алу жолдарының ауруы да асқынып тұр. Сондықтан бірінші кезекте 15 мектептің 40 мың оқушысына дәрігерлік тексеріс жүргізілмек.  

Гүлмира Қабдиева,  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: 

- Ең әуелі мектеп оқушыларының денсаулығын мұқият зерттейміз. Қанша баланың семіздікке шалдыққанын немесе қант диабетімен, сколиозбен ауыратынын анықтаймыз. Тек соның нәтижесі бойынша ғана жаңа жоба әзірленеді. Мақсатымыз балаларды салауатты өмірге баулу.   

Жобаның тағы бір жаңалығы, мектеп оқушылары жаппай спортпен шұғылданатын болады. Ол үшін дене шынықтыру сабағынан бөлек, арнайы бағдарлама әзірленбек. Мамандардың айтуынша, қазір бұл жоба әлемнің 17 елінде жемісті жүзеге асып келеді екен.

Дереккөз: 24.kz