Көкшетаудағы инновациялық идеялар байқауында 34 жоба ұсынылды

Көкшетаудағы инновациялық идеялар байқауында 34 жоба ұсынылды

Көкшетауда «Ақмола Пауер» атты инновациялық идеялар байқауы өтті. Аталған шара биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл сайысқа аймақ жастары жыл сайын түрлі тақырыптағы тың дүниелерін әкеледі. Осы жылы да сондай 34 инновациялық жоба ұсынылды.

Биылғы байқау өткен жылғыға қарағанда көлемі жағынан шағын болғанымен, жастардың ынта-ықыласы айрықша. Мәселен, Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері Диана мен Шолпан «қарапайым зығырдың сабанынан отын әзірлеуге болады» дейді. Айтуларынша, ол, көмірден он шақты есеге арзан түспек.

Диана Лянге, қатысушы:

- Біз осылайша дәстүрлі отынға балама ойлап тауып отырмыз. Зығырдың сабағының қызуы өте күшті. Бірақ, оған 30 проценттей ағаш үгіндісін немесе қағаз қоспаса, жер үйлердегі қарапайым пештерге келмейді. Біз мұның бәрін ойластырып қойдық.

Ал болашақ өрт сөндіруші Әділет Серік өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде адамдарға ақпараттық көмек бере алатын мобильді қосымша ойлап тапқан.

Әділет Серік, қатысушы:

- Осы мобильді қосымша арқылы смартфон офлайн режим болған жағдайда да жақын жерде орналасқан өртке қарсы қызмет жеке құрамын шақыруға мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар ең бастысы бұл қосымшада осы Қазақстан бойынша қалалардың ең басты және қоғамдық ғимараттарының бас жоспарлары жүктеледі.

Жалпы биыл қатысушылар экология және цифрландыру тақырыптарында сынға түсті. Айта кетейік, өткен жылы бұл байқауға 84 жоба қатысқан болатын.

Мәриям Әбішева, ұйымдастырушы:

- Былтырғы жобалардың жетеуі Көкшетау мемлекеттік университетінің қолдауымен оқу орнының өзінде жүзеге асырылды. Университет оларды іске қосу үшін 8 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл, басқа да оқу орындары мен кәсіпорындарға үлгі болса дейміз.

Байқаудың қорытындысы бойынша биылғы жұмыстардың ішінен зығыр сабағынан жасалатын био-отын мен білезік-квадрокоптер жобасы үздік шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта аталған жобаларды қолдау жағы қарастырылады.

Дереккөз: 24.kz