Еліміздегі «Келешек мектептері» жанындағы жазғы лагерьлерде балалардың демалысын мазмұнды ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда. Бағдарламалар оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және заманауи дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Астана қаласындағы №101 Келешек мектебінде «Атамекен» этно-лагері жұмыс істеуде. Мұнда 300-ге жуық оқушы этно-патриоттық, ғылыми-технологиялық және шығармашылық бағыттағы іс-шараларға қатысуда.
Лагерь бағдарламасы аясында балалар ұлттық тарих пен мәдени мұраны танып-біліп, қазақ тілін интерактивті форматта меңгеруде. Сонымен қатар IT және дрондарды басқару негіздерімен танысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақтарға қатысуда.
Күн сайынғы бағдарлама таңғы жаттығудан басталып, танымдық сабақтармен, шығармашылық жұмыстармен және түрлі квесттермен жалғасады.
Педагогтердің айтуынша, лагерь оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жаңа қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.