Кітап оқып, миллионер атан!

Кітап оқып, миллионер атан!

Тараз қаласында «Кітап оқып, миллионер атан!» атты байқау жарияланды. Байқауды ұйымдастырушы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қол­­дауымен Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» қоғамдық-саяси газеті, Тараз қалалық әкімдігінің білім бөлімі мен Жамбыл облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жас­өспірімдер кітапханасы.

Байқаудың мақсаты – Тараз қаласының кітапқұмар жас­тарына ең үздік қазақ және шетел жазушыларының шығармаларын насихаттау, классикалық, қазіргі заманауи әдебиетке деген сүйіспен­шіліктерін ояту, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру.

Жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқаудың демеушісі – «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров. Қала мектептеріндегі оқушыларға ұсынылған 100 кітап­тың тізімін жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Несіпбек Дәутайұлы бастаған ақылдастар алқасы жасаған. Бай­қаудың алғашқы кезеңінде 5-7 сынып оқушылары 15 кітапты, 8-11 сынып оқушылары 20-дан кем емес кітапты оқуы міндеттеледі.

Екінші кезеңде әр мектептен ірік­телген оқушылар (оқырмандар) қалалық байқауға қатысуға мүм­кіндік алады. Байқау барысында қатысушылар өздері оқыған кітаптар жайлы фейсбук, инстаграм әлеумет­тік желілерінде «Кітап оқып, мил­лионер бол!» хэштегімен қысқаша посттар жазып, мектепаралық видео эстафеталар жолдауы тиіс.

Қоры­тынды кезеңде қатысушы оқыған кітаптарының мазмұны бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап береді. Ал, миллионер же­ңімпаздың есімі 2019 жылғы мамыр­дың 22-сі күні белгілі болмақ.

Дереккөз: bilimdinews.kz