МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҚАУІПСІЗ ТАСЫМАЛДАУ ҮШІН 515 ЖАҢА АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҚАУІПСІЗ ТАСЫМАЛДАУ ҮШІН 515 ЖАҢА АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ

Елімізде мектебі жоқ немесе бастауыш мектебі ғана бар ауылдардың балаларын жақын маңдағы білім беру ұйымдарына қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынады. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтты.

@Асемгүл Орынтай есімді оқырманымыз желіде: «Оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?», - деп сұрапты. Бұл сұраққа Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев жауап берді.

«Балаларды қауіпсіз тасымалдау - біздің бақылауымыздағы маңызды сұрақтардың бірі және біз осы мәселені үнемі көтеріп келеміз. Биыл Балалар жылы аясында қауіпсіздік талаптарына сай келетін 515 жаңа автобус сатып алу үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған», - деді Дулат Жекебаев.

Комитет төрағасының орынбасары автобустарды сатып алуға бөлінген қаржыны игеру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екендігін айтады. Қоғамдық көліктер елімізде құрастырылатын болғандықтан қомақты тапсырыс отандық автоөндіріс саласын дамытуға да үлкен үлес қосатынына сенімді. Сөзінше, ең бастысы балаларымызға қауіпсіз, жайлы автобустармен қатынауға жағдай жасаймыз.

«Жаңа автобустар Ақмола, Ақтөбе облыстары сияқты бірқатар өңірге жеткізіліп, таратылып жатыр. Біз еліміздің барлық аймағындағы мектеп автобустарын кезең-кезеңімен жаңартамыз. Бірінші кезекте проблема бар өңірлерді автобуспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, 515 автобустың 101-і Түркістан облысына жөнелтіледі»,-деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ