Мектеп сөмкесін қалай таңдау керек – дәрігер кеңесі

Мектеп сөмкесін қалай таңдау керек – дәрігер кеңесі

ҚР Бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшин мектеп сөмкесін таңдау жөнінде ата-аналарға кеңес берді. 

Оның айтуынша, мектеп сөмкесін таңдауда бірқатар қағидаларды ұстанған жөн.

«Сөмкенің қатты ортопедиялық арқалығы болуы тиіс, асынатын баулары жалпақ болсын және тұтқасы ұзындығы бойынша реттелуі керек. Мектеп сөмкесінің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жас ерекшелігіне сәйкес келуі керек, бос сөмкенің салмағы 1 кг аспауы тиіс. Ауыр рюкзакты алып жүру сколиоз, остеохондроз, жарық сияқты ауруларды туғызуы мүмкін», - деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оқулықтар салынған жалпы сөмке салмағы бала салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс. Мәселен, 1-3 сыныпта – 1,5-2 келі, 4-5 сыныпта – 2-2,5 келі, 6-7 сыныпта – 3-3,5 келі және 8-11 сыныпта – 4-4,5 келі болуы керек.

«Қараңғыда жарық шашатын сөмке таңдау да - бала қауіпсіздігі үшін маңызды. Мұндай сөмкені таңғы және кешкі уақытта жолды кесіп өтерде көлік жүргізушілері тез байқайды», - деп атап өтті дәрігер.

Ол мектептердегі жеке шкафтың сөмке салмағын барынша жеңілдеткенін еске салды. Бұл шара әсіресе жасөспірімдер арасында тірек-қимыл аппараты ауруларының алдын алады.

«Оқу процесінде мектеп оқулықтарының да маңызы зор. Бір оқулықтың салмағы санитариялық қағидаларда көзделген нормалардан аспауы тиіс. 1-4 сынып оқулықтары 300 гр, 5-6 сынып оқулықтары – 400 гр, 7-9 сыныпта – 500 гр. Және 10-12 сыныпта оқулықтар 600 граммнан аспауы тиіс», - деді Ж. Бекшин.

Көрсетілген салмақтан асып кеткен оқулықтар бойынша ата-ана (7172) 74-18-64 нөміріне немесе комитет сайтына шағымдана алады.   

Толығырақ: inform.kz