МЕКТЕПТЕ 37 ЖЫЛ ҚЫЗМЕТ: ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІ САБАҚТАН БОС УАҚЫТЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ОЛИМПИАДАҒА ТЕГІН ДАЙЫНДАЙДЫ

МЕКТЕПТЕ 37 ЖЫЛ ҚЫЗМЕТ: ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІ САБАҚТАН БОС УАҚЫТЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ОЛИМПИАДАҒА ТЕГІН ДАЙЫНДАЙДЫ

Міне, осымен 37 жыл бойы қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлзихан Тасқарина балалардың бойына өз пәніне деген сүйіспеншілікті дарытып, оларға өмірлік бағыт-бағдар беріп, өзіне сенімді тұлғаларды тәрбиелеп келеді.

Ұлағатты ұстаз Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде қызмет етеді. Педагог бос уақытында балаларды республикалық олимпиадаларға тегін дайындайды. Ол үшін Гүлзихан Тасқарина жеке оқыту әдістемесін әзірледі.

Гүлзихан Тасқаринаның сабағы үнемі қызықты ұйымдастырылады. Яғни сабақ балаларды назардан тыс қалдырмайтын және сабақтың тақырыптарын қызығушылықпен оқуға ынталандыратын «сұрақ-жауап» әдісінің арқасында көңілді өтеді.

«Мен стандартты оқыту әдістерін заманауи тәсілдермен, соның ішінде «сұрақ-жауап» әдісін қолдана отырып, үйлестіруге тырысамын. Бұл оқу үрдісіне ынтасы нашар оқушыларды тартуға көмектеседі. Олардың өздері де байқамай, белгілі бір тақырыпты талқылауға қатыса кетеді. Олимпиадаға дайындық сабақ кезінде де, сабақтан кейін де өтеді. Сабақтан кейін әр бала жеке тапсырмалар алады. Сонымен қатар қызығушылық танытқан оқушыларға да сабақтан тыс уақытта қосымша сабақтар өткіземін. Мұндай тегін сабақтар балаларға сабақты игеріп қана қоймай, сонымен бірге түрлі олимпиадаларда жеңіске жетіп, ҰБТ-да жоғары балл жинауына септігін тигізеді», - дейді ұстаз.

Мектепте 37 жыл еңбек еткен Гүлзихан Тасқарина өз еңбегінің арқасында өмірде өз орнын таба білген жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Тек соңғы бес жылдың ішінде оның 20-дан астам шәкірті республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды.

Айта кетейік, Гүлзихан Тасқарина - ол сарапшы және республикалық оқулықтардың, авторлық бағдарламалардың авторы. Ол облыстық деңгейде тәжірибе алмасу мақсатында түрлі авторлық конференциялар өткізеді.

Гүлзихан Тасқаринаның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Ы. Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. 2019 жылы ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ