МЕКТЕПТЕРДЕ БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ ЖЕТІСТІКТЕРІНІҢ МОНИТОРИНГІ БАСТАЛАДЫ

МЕКТЕПТЕРДЕ БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ ЖЕТІСТІКТЕРІНІҢ МОНИТОРИНГІ БАСТАЛАДЫ

2023 жылдың 24 сәуірінен 12 мамыр аралығында 4-9 сынып оқушылары арасында білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) өтеді. Оған 1473 мектептен 50 мыңнан астам оқушы қатысып, үш бағыт бойынша компьютерлік кешенді тестілеуден өтеді. Ол оқу, математикалық және жаратылыстану бағыттары.

Айта кетейік, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі – құқықтық салдары жоқ. Тестілеуді арнайы оқытылған өкілдер өткізеді. Халықаралық салыстырмалы зерттеулермен ұқсастығы мониторинг жүргізу жөніндегі нұсқаулық пен тест-әкімші сценарий әзірленді. Сондай-ақ мониторинг барысында білім алушылардың білім сапасына әсер ететін факторларды анықтау үшін тест тапсырушылар, педагогтер және білім беру ұйымдарының әкімшіліктері арасында сауалнама жүргізіледі.

«ББЖМ қорытындысы бойынша-еліміздің барлық өңіріне білім беру сапасын жақсарту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленеді, ол мектептердегі білімді дамытуға ықпал етеді. Әрбір білім беру ұйымы оның ішінде басшылықтан бастап педагогтер, оқушылар нақты нәтижелердің маңыздылығын түсінуі тиіс. Сондықтан мониторинг жүргізу кезінде академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету қажет», - деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Анар Тасмұратова.

Естеріңізге сала кетейік, ББЖМ 2021 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жыл сайын іріктеу параметрлерін ескере отырып, мектептердің жалпы санының 25% қамтылады. 2022 жылы 1441 мектеп қатысып, мониторинг қорытындысы бойынша барлық өңірлер кешенді талдау мен әдістемелік ұсынымдар алды. Онда білім беру сапасын арттыру үшін жұмысты күшейту бағыттары нақты көрсетілген.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ