Балалардың жазғы демалысына қандай шаралар қарастырылған. Бұл сұраққа кеше ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысында жауап берді.
ЖАЛПЫ СТАТИСТИКА
Биыл 1-10 сынып аралығындағы барша оқушылардың 2 млн 842 мыңы (96,1 %) жазғы сауықтыру лагеріне барады. Оның ішінде 2,1 млн (71,2%) бала мектеп жанындағы, шатырлы және қала сыртындағы лагерьде демалады. Қалған 730 мыңы (25,9%) ата-анасының жанында болады.
Жаз кезінде 12 960 сауықтыру лагерьлері мен алаңдары жұмыс істейді. Оның ішінде:
- мектеп жанында 10 967;
- қала сыртында орналасқан 236 (143-і мемлекеттік, 93-і жекеменшік);
- шатырлы, спорттық және киіз үйдегі 1 757.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Жоспар бойынша жазғы демалыс орнына әлеуметтік жағынан аз қамтылған 290 363 (78,9%) бала, ерекше білім беруді қажет ететін 53 596 (82%) бала, девиант мінез-құлықты 23 052 (92,14%) бала және дарынды 624 356 (91,47 %) ұл-қыз барады. Осы тізімдегі 900 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін демалып қайтады.
Жазда 2 млн 762 мың (94%) оқушы үйірмеге қатысып, экскурсия секілді белсенді шараларға тартылады деп жоспарланған.
Республикада 160 963 баланы қамти алатын 1 424 аула клубтары жұмыс істеп, олимпиада ізбасарларын, белсенділер мен көшбасшыларды дайындайтын, тіл үйрететін 11 мың жазғы мектеп пен пікірталас клубтары, 19 мыңнан астам үйірме есігі де ашық болады. Спорт, туризм, экскурсия-танымдық, шығармашылық бағыттағы 22 мыңнан астам шараны да ұйымдастыру көзделіп отыр.
Отырыс соңында жергілікті атқару органдары мен тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді. Атап айтқанда:
1) Балалардың жазғы демалысы кезіндегі қауіпсіздігіне нақты шаралар қолдану.
2) Елдегі жоғары оқу орындарында мектеп оқушыларына арналған жазғы мектептер мен онлайн курстар ашу.
3) Республиканың өңірлері бойынша танымдық-тақырыптық экскурсиялардың саны мен ұзақтығын арттырып, Қазақстан Республикасы ұлттық парктері жанынан экология жасақтары мен орманшылық топтарын ашу тапсырылды.
Дереккөз: ҚР БҒМ баспасөз-хатшылығы