«Online Mektep-тегі менің сабағым» республикалық байқауының жеңімпаздарын құттықтаймыз!
Бүгін, 2021 жылғы 4 мамырда, біз OnlineMektep.org платформасында интерактивті сабақтарды әзірлеу бойынша педагогтердің тәжірибе алмасуын және оны таратуды мақсат еткен«Online Mektep-тегі менің сабағым» байқауын қорытындылаймыз.
Байқаудың негізгі шарты OnlineMektep.org платформасында интерактивті сабақ әзірлеу болған еді. Байқау екі кезеңмен өткізілді. Бірінші кезеңде байқау жұмыстарын Online Mektep платформасын пайдаланушылар лайк басу арқылы бағалады. Ең көп лайк жинаған 30 жұмыс екінші кезеңге өтті.
«Online Mektep-тегі менің сабағым» байқауының екінші кезеңіне өткен қатысушыларды құрамына Bilim Land Ustaz жобасының жетекші әдіскерлері кірген уәкілетті қазылар алқасы бағалады. Уәкілетті қазылар алқасы 30 жұмыстың ішінен мына критерийлер: интерактивті сабақтың көрнекілігі, бірегейлігі, сауаттылығы және сапасы бойынша 4 жеңімпазды анықтады. Байқау жеңімпаздары АКТ-ны (ақпараттық-коммуникациялық технологияларды) пайдалана отырып, интерактивті сабақтарды әзірлеуде кәсіби деңгейі жоғары екенін және шығармашылық көзқарасын байқатты.
Біз байқауға қатысушылардың барлығына алғыс айта отырып, жеңімпаздарды жариялаймыз:
- Нұрмұхамед Медет, «№ 102 ЖБМ» КММ (Алматы қ.) информатика пәнінің мұғалімі. Жұмыс әртүрлі цифрлық ресурстарды белсенді қолданғандығымен және әдістемелік құрылымының сауаттылығымен ерекшеленді. Қазылар алқасы педагогтің YouTube-тегі жеке видеоларын сабаққа қосымша материал ретінде пайдаланғанын ерекше атап өтті.
- Қожахметова Оралсын, «№ 15 ОМ» КММ (Талдықорған қ.) орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Автор функционалды сауаттылық пен мәтінді терең түсіну дағдыларын дамытатын әртүрлі жаттығуларды қолданған. Оқу материалы оқушылардың білім деңгейін ескере отырып таңдалған.
- Бейсембаев Рауан, «№ 2 Қосшы орта мектебі» КММ (Ақмола облысы Қосшы ауылы) физика пәнінің мұғалімі. Мұғалім оқушылардың жасына сай көрнекі материалды қолданған, сабақ кезеңдерінде сабақтастық бар және қисындық тұрғыдан жүйелі.
- Митрохина Светлана, «Ә. Молдағұлова атындағы № 29 ЖОБМ» КММ (Шымкент қ.) физика пәнінің мұғалімі. Интерактивті сабақ оқу мақсаттарына сәйкес келеді, тапсырмалардың сұрақтары дұрыс құрылған, ұсынылған тапсырмаларды орындауда көпдеңгейлі тәсіл қолданылған.
II кезеңге өткен қатысушылар, сондай-ақ I кезеңде 50 және одан да көп лайк жинаған қатысушылар электронды сертификаттарға ие болады. Сертификаттарды 2021 жылғы 10 мамырға дейін Online Mektep платформасындағы пайдаланушының жеке кабинетінен жүктеп алуға болады.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз және барлық қатысушыға сарқылмас шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілейміз!