ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ҚОСЫМША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДА

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ҚОСЫМША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДА

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «Аманат» партиясының Партиялық бақылау комитетінің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, бүгінде қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді және тұрақты негізде әдістемелік қолдау көрсетілуде. Мектептерді жиһазбен және технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау нормалары әзірленіп, жобалық құжаттаманы дайындауда пайдалану үшін операторға табысталды. Вице-министр отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына жеке тоқталды.

«Ұлттық жобаны іске асыру, ең алдымен, жаңа форматтағы мектептерді құруға, жайлы және қауіпсіз жағдай тудыруға, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған. Салынып жатқан мектептерді құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтауда отандық өнімдерге басымдық беріледі. Бұл шаралар ұлттық жобада қарастырылған», - деді Еділ Оспан.

Сонымен қатар, мектеп жиһазын тек қана «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты және (немесе) Өнеркәсіптік сертификаты бар өндірушілерден сатып алу, сондай-ақ отандық өндірушілермен алдын ала шарттар (офтейк шарттары) жасау бойынша қосымша шаралар жүргізу және аймақтардың климаттық және сейсмикалық жағдайларын ескере отырып, сыртқы қасбеттерді әрлеуде заманауи материалдарды пайдалану үшін отандық өндірушілерге басымдық беру жөнінде қосымша шаралар қарастырылуда.

«Ұлттық жоба бойынша операторлар мен мердігер ұйымдар ел ішіндегі құндылық үлесінің көрсеткіштері бойынша есептерді жобаны басқару жөніндегі ақпараттық жүйеге орналастыруға міндетті. Осылайша, отандық және (немесе) жергілікті өндірушілерден өнімді сатып алу тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты бақылауында болады», - деп қорытындылады вице-министр.

Еске салайық, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 740 мың орындық 369 мектеп құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ министрлік «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жайлы мектептер үшін директорлар корпусын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, кадрлармен уақытылы қамтамасыз ету үшін педагогтердің базасы құрылуда.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ