ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ХАЛҚЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ХАЛҚЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды. Сондай-ақ ол білім беру ұйымдарын аралап, облыс тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді.

Вице-министр облыс тұрғындарына министрлік атқарып жатқан жұмыстың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар мен маңызды өзгерістер туралы жұртшылыққа мағлұмат берді.

Кездесудің басым бөлігі тұрғындардың, ата-аналардың, мұғалімдердің сұрақтарына арналды. Олар мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, педагогтердің жүктемесі, жекеменшік мектептерді тегін оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Тұрғындарды аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамту мәселесі де толғандырды. Вице-министр қойылған барлық сұраққа жауап беріп, 2023 жылдан бастап әлеуметтік осал отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін айтты. Қазір қаржылай қиындыққа тап болған отбасылардың балаларын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жылдан жылға артып келеді.

Есеп беру кездесуінен кейін вице-министр Ғани Бейсембаев азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар мұғалімдердің біліктілігін арттыру, өңірде психологиялық орталықтар ашу және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын көтеру төңірегінде сұрақтар қойды. 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ