Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өткізді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі және бұл мәселеде екі ведомство бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге ерекше назар аударып отыр, сондай-ақ бұған дейін еліміздің Премьер-министрі де тиісті тапсырмалар берген болатын.
Министр техникалық жабдықтау мен оның сапасына тоқталып, жергілікті атқарушы органдар білім беру ұйымдары бейнекамералармен 100% қамтылғаны туралы есеп беретінін атап өтті. Бірақ тексеру болғанда елеулі кемшіліктер анықталады. Барлық камера жұмыс істемейді, қала мектептерінің бір бөлігі ЖБО-ға (Жедел басқару орталығы) қосылмаған. Сондай-ақ министр камералардың саны туралы есеп емес, осы камералардың қанша баланы қамтитыны маңызды екеніне баса назар аударды.
Сонымен қатар кездесуде Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты сабақтар өткізетіні туралы айтылды. Бұл сабақтарға білім беру ұйымдарының өкілдері де, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысады.
«Қыркүйектің басынан бастап 5 мыңнан астам полиция қызметкері мектептерге барып, профилактикалық сабақтарды бірлесіп өткізеді. Бұған мұғалімдер, директордың орынбасарлары және директорлар белсене қатысады. Оқу жылының басында ішкі істер органдарынан мектеп жанындағы кезекшілікті күшейтіп, қажет жерлерге арнайы жол белгілерін қойып, алдын алу шараларын жүргізуді сұраймыз. Барлық мектеп автобустарын, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерін тексеруді аяқтау қажет. Бұл жұмысты бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын», - деді Оқу-ағарту министрі.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сондай-ақ кәсіби күзет агенттіктері мектептердің ерекшеліктерін білуі қажет екенін айтты. Онымен қоса, тәжірибелі қызметкерлердің жиі ауыспауы және мектептің ерекшеліктерін білуі үшін оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету керегіне тоқталды.
«Біз бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде шешуді ұсынамыз және білім беру ұйымдарымен жұмыс істейтін лицензиясы бар күзет ұйымдарына қойылатын қазіргі талаптарға жеке тармақ енгіздік», - деп толықтырды сөзін Асхат Аймағамбетов.
Ішкі істер министрлігінің басшысы Марат Ахметжанов ведомствоның барлық жеке құрамы оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті. Оқушыларға олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керегі айтылады. ІІМ басшысы елордалық гимназиялардың біріне өзі де баратынын атап өтті.
Ішкі істер министрі жергілікті әкімдіктер орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мектептердегі тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуі қажет екенін атап өтті. Министрлік басшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды бейнекамералармен, дабыл түймелерімен және т.б. жабдықтау мәселелері толық шешілмеген өңірлердің ақпаратын тыңдады.
Мәселелерді талқылау аяқталғаннан кейін министрлер Нұр-Сұлтан қаласындағы ПД жедел басқару орталығында мектептердің техникалық дайындығын тексерді.