ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛҒАЛЫ АТА-АНАЛАРҒА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА 45 МЫҢНАН АСТАМ ДӘРІС ӨТТІ

ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛҒАЛЫ АТА-АНАЛАРҒА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА 45 МЫҢНАН АСТАМ ДӘРІС ӨТТІ

«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының мәліметінше, 2023-2024 оқу жылының төрт айында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтарында 45 мыңнан астам дәріс өткізілген.

2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл орталықтар ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету және олардың білім беру мекемелерімен бірлесіп позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруы мақсатында құрылған.

«Орталықтар ашыла бастаған уақыттан бері бізге 800 мыңға жуық ата-ана келді. Олар әдістемелік кеңес алып қана қоймай, белгілі бір дағдыларды да меңгерді. Мұнда отбасында балаларды тәрбиелеу, тұлғалық дамыту бойынша заманауи тәсілдерді қолдану, сондай-ақ, бұл процестердің баланың қалыптасуына ықпалы қамтылған. Жоба ата-ана мен бала қарым-қатынасын жүйелі педагогикалық қолдауды жүзеге асыруға бағытталған», - дейді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Айта кету керек, Орталықтарда дәрістер баланың санаттары мен жас ерекшеліктеріне қарай жүргізіледі. Ата-аналарға арналған курс сонымен қатар танымдық дағдыларды дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту дағдылары бойынша жүргізіледі, жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынас, олардың эмоционалдық интеллектін, шығармашылық көзқарасын және оқуға деген қызығушылығын дамыту, сондай-ақ әлеуметтік желілерге тәуелділіктің алдын алу, балалардың интернетте қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыру мәселелеріне де бағытталған. Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсетуде отбасының ұйытқысы ретінде ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге, отбасы құндылықтарына үлкен көңіл бөлінеді.

Бұл жұмыстар 2023–2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы, оның ішінде «Даналық мектебі» клубы аясында жүзеге асырылуда. Топқа тіркелу үшін ата-аналар баласының сынып жетекшісіне хабарласып, ақпарат ала алады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ