ӨТКЕН ЖЫЛЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА 3,5 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ ОРНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ӨТКЕН ЖЫЛЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА 3,5 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ ОРНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

2023 жылы Ақтөбе облысында 3 590 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осымен 3 үшауысымды және 2 орта мектепте оқушы орны тапшылығы мәселесі шешілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің облыс тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы 2024 жылы 20 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның ішінде 2 мектеп «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен салынады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 14 900 орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Әсіресе, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілуде. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысында қауіпсіздік жүйесімен техникалық жарақтандыру 100 пайызға жетті.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін ескертті. Еліміздің бас ұстазы өткен жылы өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздерін қамтитын «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, енгізілгенін атап өтті.

«Мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысты барлық міндеттемелерді жүзеге асырып келеді. Ендігі басты міндет – әрбір балаға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Еліміздің дамуы білім жүйесінің әрбір саласына және маңызды әлеуметтік институт – отбасына тікелей байланысты болмақ. Тек күш біріктіру арқылы ғана біз оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастырып қана қоймай, балаларды отансүйгіштік, еңбекқорлық, ізгі мақсаттарға жету сияқты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға сәйкес тәрбиелейміз», — деді министр.

Кездесу «ашық микрофон» форматында жалғасты. Ведомство басшысы тұрғындардың көкейіндегі барлық сауалдарына жауап берді. Сұрақтардың дені негізінен мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруге қатысты болды. Сондай-ақ министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ