Павлодарда Оқушылар сарайында жастар жылы аясында жас домбырашы, әнші «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Алексей Лодочниковпен кездесу өтті.
Алексей өзінің балалық шағы мен шығармашылық жолы жайлы айтып берді. Қазіргі таңда Алексей музыкалық колледжінің «Домбырада дәстүрлі ән айту» бөлімінде оқиды. Ол облыстық және республикалық музыкалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Оқу орынында оқып жүріп «Жас Отан» ЖҚ басшысы болып тағайындалды. 2014 жылы алғаш рет Елбасының алдыңда өнер көрсетті. Кездесуге оқушылар сарайының «Жас екпін» домбыра ансамблі, жасұландықтар, Құрманғазы атындағы №1 музыкалық мектебінің оқушылары қатысты. Алексеймен жақын танысу үшін кездесудің қатысушылары жас өнерпаздың жеке фото-бейне мұрағатынан алынған материалдарды қарады. Балалар Алексейге көп сұрақтар қойды. Олар оның шығармашылығы, алдағы жоспарлары жайлы, Жастар жылының ашылуына байланысты өткен форум туралы сұрастырды. Алексей барлық сұрақтарға жауап беріп, өзінің сүйікті «Қазақ осы» деген әнің шырқап берді. «Жас екпін» ансамбілінің тәрбиеленушілері «Ерке сылқым» күйін орындады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Алексей кездесу барысында оқушылармен қазақ тілінде сөйлесті. Кездесуді «Қаламгер» баспасөз орталығының тәрбиеленушілері және олардың жетекшілері Әсем Айыпова ұйымдастырды.
- Маған жастармен кездескен ұнайды. Бүгінгі оқушылармен өткен кездесу аса қызық болып тұр, өйткені оқушылар сарайынан талай талантты түлектер ұшып шыққан, - деп өз ойымен бөлісті Алексей Лодочников.
Дереккөз: pavlodarnews.kz