«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН 300-ДЕН АСТАМ ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАНДЫ

«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН 300-ДЕН АСТАМ ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАНДЫ

Осы жылдың мамыр айында басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтуде.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметінше еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысу үшін 300-ден астам өтініш келіп түскен. Әсіресе, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының мұғалімдері аса қызығушылық танытуда. Олардың ішінде пән мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері бар. Өтініштер көбінесе бейне, шеберлік сабақтары және бейне подкаст түрінде жеке берілуде. Ең танымал бағыттар – жаратылыстану, ерте сауаттылық пен оқу сауаттылығы.

Еске салайық, мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты – Қазақстанның виртуалды білім беру кеңістігіндегі авторлық құқықпен қорғалған бейне ресурстар банкін толықтыру, заманауи педагогикалық тәжірибе мен мұғалімдер арасындағы өзара әрекеттестіктің озық тәжірибелерін тарату және насихаттау. Биыл конкурс ережесіне өзгерістер енгізілді: бағалау критерийлері, конкурстық жұмыстардың бағыттары мен нысандарының тізбесі жаңартылды, өтінімдерді қабылдау және марапаттау рәсімдері қайта қаралды.

Конкурстың бағыттары: ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану бағытындағы сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық жөніндегі сауаттылық (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық.

Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары және жеңімпаздары сертификаттармен, 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталады. YouTube-та ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша ынталандыру сертификаты қарастырылған. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 17 тамыздағы № 371 бұйрығына сәйкес біліктілік санатын беруге немесе растауға аттестациялау барысында ескеріледі. Сайыстың ережесімен танысып, өңірлік кезеңге қатысу үшін өтінімді 10 қазанға дейін https://ppi.orleu-edu.kz  сайтында беруге болады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ