ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰҒАЛІМДЕР МЕН МЕКТЕПТЕРГЕ АРНАЛҒАН АРНАЙЫ ТРЕНИНГТЕР

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰҒАЛІМДЕР МЕН МЕКТЕПТЕРГЕ АРНАЛҒАН АРНАЙЫ ТРЕНИНГТЕР

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Meta» компаниясының өкілдерімен кездесті. «Meta» компаниясының Орталық Азиядағы үкіметтермен байланыс жөніндегі директоры Джордж Ченмен әңгімесінде екі жақ қазақстандық мұғалімдер мен студенттердің цифрлық сауаттылығын оқыту саласында, әсіресе Facebook пен Instagram-ды пайдалануда ынтымақтастық орнатуға келісті. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі қазақ тіліндегі білім беру контентін дамытудың маңыздылығына тоқталса, ал «Meta» қазақ тіліндегі цифрлық сауаттылық бойынша оқу материалдарымен бөлісуге келісті.

Америкалық «Meta» компаниясының құрамына Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты әлеуметтік желілер кіретінін еске сала кетейік.

«Қазақстандық мұғалімдер әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Мысалы, Facebook-те бір мұғалім ашқан ұстаздар тобы бар, бүгінгі күні топта 180 мыңнан астам адам бар. Бұл Қазақстандағы барлық мұғалімнің жартысы. Бұл Facebook-тегі бір ғана топ. Мұғалімдер әртүрлі тақырыптарды талқылап, жаңалықтармен бөліседі, оқушылардың оқуына қатысты ой-талқыларын ортаға салып, түрлі проблемаларды көтереді. Сонымен қатар Instagram көмегімен белгілі бір пән туралы үйрететін мұғалімдеріміз де бар. Осындай формат арқылы олар білім мен ғылымды насихаттап, оқушылардың қызығушылығын арттырады. Біз үшін мемлекеттік тілде білім беру контентін құру басым бағыт болады. Ынтымақтастығымыз қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, мемлекеттік тілдегі білім беру ақпаратын дамытатына сенемін», - деп айтты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ Джордж Чен Meta-ның Қазақстанда көптеген белсенді пайдаланушысы бар екенін, әсіресе оның ішінде қазақстандық мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар бар екені қуантатынын жеткізді. Чен әлеуметтік желіні қалай тиімді пайдалану керегін, онда не істеп, не істеуге болмайтынын білуі үшін оқушылар, мұғалімдер және ата-аналарға арналған арнайы тренингтер өткізуді ұсынды.

«Бізде оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға арналған цифрлық сауаттылық бағдарламасы, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналарға арналған интернеттегі қауіпсіздік туралы материалдар бар. Қазіргі уақытта бізде бұл онлайн материалдар мен ресурстар ағылшын тілінде. Бірақ біз оларды қазақ тілінде цифрлық сауаттылықты оқыту үшін қазақ тіліне қуана аударамыз. Мета сонымен қатар мұғалімдерге осы ақпараттық және онлайн қолдау ресурстарын пайдалану бойынша тренинг ұйымдастыра алады. Біз ата-аналарға, мұғалімдерге және оқушыларға киберкеңістікте қалай қауіпсіз болу керегі туралы ашық диалогтар жүргізетін алаң боламыз деп үміттенеміз. Қазақстанда оқыту бағдарламасын алғаш рет ұсынып отырмыз», - дейді Meta-ның Орталық Азиядағы үкіметтермен байланыс жөніндегі директоры Джордж Чен.

Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ жаңа білім беру жобаларын одан әрі дамытуға келісті.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ