ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗІРБАЙЖАН БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА НИЕТТІ

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗІРБАЙЖАН БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА НИЕТТІ

Нұр-Сұлтанда ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен Әзірбайжанның Білім министрі Эмин Амруллаевтің кездесуі өтті.Келіссөздер барысында Эмин Амруллаев қазақстандық мектептердің жұмысы таң қалдырғанын айтып, тәжірибе алмасуға әзірбайжандық мұғалімдерді жіберуге ниет білдірді. Сондай-ақ Әзірбайжан Білім министрлігінің басшысы қазақстандық колледждердің сапалы жұмысына да назар аударды. Ол колледж студенттерінің халықаралық WorldSkills байқауындағы нәтижелеріне тоқталды. Білім министрлігінің басшысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің олимпиада қозғалысын Қазақстанда да, республикадан тыс жерлерде де дамыту үшін жүргізіп жатқан жұмысын атап өтті.

«Біз Қазақстан ұйымдастыратын оқушылар арасындағы олимпиаданың бірде-бірін жіберіп алмағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Әрине, көргеніміз өзіміз үшін өте қызық. Себебі сіздерде WorldSkills қозғалысы (колледж студенттері арасындағы әлем чемпионаты) ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде дамыған.Біз елімізде STEAM фестивалін өткіземіз және оған қазақстандық мектептерді қатысуға шақырамыз. Менің ойымша, мектептермен жұмыс біз үшін ерекше тәжірибе болады. Қазан айында мұғалімдеріміз Қазақстанға келіп, әріптестерінің тәжірибесін үйренуі үшін тиісті құжаттарды жібере аламыз», - деді Әзірбайжанның Білім министрі Эмин Амруллаев.

Ол сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан үшін аймақтық білім беру платформасын құру идеясы туралы айта кетті. Қазірдің өзінде Әзірбайжан, Түркия, Грузия және Беларусь елдері осы бағытта ынтымақтастық орната бастады.

Ал ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. Ведомство басшысы еліміз қазақстандық балалардың STEAM фестиваліне қатысуына жағдай жасайтынын және әзербайжандық мұғалімдер үшін таныстыру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ