Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды
Аталған құжат орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізуді айқындайды. Сонымен қатар ол адами капиталды дамытуда жасанды интеллект негізінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді. Аталған жоспар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуды, оқушылардың нақты қажеттілігіне бейімделген оқыту тетіктерін енгізуді, педагог кадрларды даярлау мен білім алушылардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді көздейді.
Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мектептерді заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурсымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бастапқы кезеңде пилоттық жоба аясында тиімді шешімдерді кезең-кезеңімен енгізе отырып, еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін қамту жоспарланды.
"Жасанды интеллект саласындағы кәсіпкерлік пен білім беру бастамаларын ондаған жыл бойы дамытқан тәжірибемде мен бір нәрсеге көз жеткіздім: баланың білім алуын шынайы өзгертетін нәрсе - сыныпқа жай ғана технология орнату емес. Жасанды интеллект арқылы біз педагогтар ұзақ уақыт бойы ұмтылған мақсатты жүзеге асыра аламыз - әр балаға жеке оқыту тәсілін ұсыну. Яғни, әр оқушының қалай білім алатынын, қай тұста қиналатынын және кім болуды армандайтынын түсінетін жеке цифрлық тәлімгер қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады.
Жасанды интеллект жаңа білім беру архитектурасының негізіне айналып, еліміздің үздік мұғалімдерінің тәжірибесін әр ауылға жеткізе алады. Сонымен қатар ол тәулік бойы жұмыс істейтін, шаршамайтын мұғалім көмекшісі рөлін атқара алады. Дұрыс қолданылған жағдайда жасанды интеллект мұғалімдерді алмастырмайды - керісінше, олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ол педагогтармен бірге жұмыс істеп, әкімшілік жүктемені азайтып, Қазақстандағы әрбір бала үшін сапалы білімге қолжетімділікті арттыра алады.
Осы ұлттық бастаманы жүзеге асыруға атсалысу мен үшін үлкен мәртебе. Болашақ ұрпақ үшін Қазақстан жасанды интеллектінің білім беру жүйесін қалай өзгерте алатынын көрсететін әлемдік үлгіге айналу мүмкіндігіне ие. Бұл - әлем елдері алдағы жылдары зерттейтін модель болуы ықтимал", - деді 01.AI компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Кай Фу Ли
Сонымен қатар орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың бірыңғай стандарттарын бекіту көзделген. Бұл стандарттар білім беру контентін әзірлеу және бейімдеу, оқу нәтижелерін бағалау, академиялық адалдықты қамтамасыз ету және жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз пайдалану мәселелерін қамтиды.
Бұған қоса педагогтердің біліктілігін арттыру мен цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларын қолдану педагогті алмастыруды көздемейді, өз кезегінде педагогтің кәсіби рөлін күшейтуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты кеңейтуге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі білім алушылардың дербес деректерін қорғау шараларын күшейту және білім беру мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жүргізетін болады.Жасанды интеллект технологияларын қолдану педагогті алмастыруды көздемейді, өз кезегінде педагогтің кәсіби рөлін күшейтуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты кеңейтуге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады.
Жарлықты іске асыру адами капиталды дамытуға және цифрлық экономика талаптарына сай жаңа буынды даярлауға бағытталған заманауи әрі бәсекеге қабілетті орта білім беру жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.