Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді аттестациялау үдерісін жетілдірді. Мұғалімдердің біліктілігін бағалаудың жаңа ережелері 2023-2024 оқу жылынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.«Ұлттық платформа негізінде аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталған. Сонымен бірге, педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу, портфолио алып тасталынды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Педагог-зерттеуші мен педагог-шебердің біліктілік санатын растау алып тасталынды, дегенмен Ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.Министрдің айтуынша, педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау үшін кәсіби қызметін алғаш рет бастайтын немесе еңбек өтілінде педагогикалық мамандықтардың түлектері тестілеуден өтеді. Мұғалімдерді марапаттау тетіктері де өзгеруде. Енді мұғалімдер шәкірттерінің жетістіктеріне қарай бағаланып, оған соның нәтижесінде біліктілік санаты беріліп, марапатталатын болады. Бұл зейнет жасындағы мұғалімдерге де қатысты.Бұдан басқа, Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ) арқылы педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толық автоматтандыру жоспарлануда.
ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ: «АТТЕСТАТТАУ ПРОЦЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ»
412
0
0
24.08.2023
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ