2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны 6,9%-ға азайды.Оң динамика еліміздің бірқатар өңірінде байқалады. Олардың қатарында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Жамбыл облыстары бар.Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастыруда. Негізгі басымдық құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға, тәуекелдерді ерте анықтауға, жасөспірімдерге жеке қажеттіліктеріне сай қолдау көрсетуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға беріледі.Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі өңірлерге барып, мониторинг жүргізуде. Бұл профилактикалық жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді анықтауға және оны күшейту бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған міндетті курстар енгізілді. 5-7 сыныптар үшін «Конституция негіздері» курсы қарастырылған. Курс оқушыларды азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерімен таныстырып, заңға және мемлекеттік институттарға құрмет қалыптастырады.8-11 сынып оқушылары үшін «Заң мен тәртіп» курсы енгізілді. Оның мазмұны құқықтық сананы дамытуға, құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға және қабылданатын шешімдер үшін жеке жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.Алдағы профилактикалық жұмыс 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңы аясында тәуекелдерді ерте анықтау, кәмелетке толмағандарға атаулы қолдау көрсету және заңға сай мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру қағидаттарына негізделеді.
ҚАЗАҚСТАНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ЖАСАҒАН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР САНЫ АЗАЙДЫ
4
0
0
05.11.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ