ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 40 ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗИЯ-ТЫНЫҚ МҰХИТЫ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 40 ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗИЯ-ТЫНЫҚ МҰХИТЫ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Қазақстандық 40 оқушы Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Еліміздің ұлттық құрамасының қоржынында 5 алтын, 13 күміс және 22 қола медаль бар.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай және Қарағанды қалаларының оқушылары алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар олимпиадада Ақтау, Атырау, Қызылорда және Павлодар мектептерінің оқушылары да үздіктердің қатарынан көрінді. Олимпиада жеңімпаздары халықаралық IMO олимпиадасына қатысу үшін Қазақстан құрамасына кіру мүмкіндігіне ие болады.

Зияткерлік сайысқа әлемнің 38 елінен жүздеген мектеп оқушысы қатысты. Олардың қатарында Жапония, Аустралия, Канада, Сингапур, АҚШ, Аргентина, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мексика, Катар, Корея, Түркия және т.б. елдер бар.

«Биыл халықаралық олимпиада офлайн форматта өтті. Қазақстан атынан еліміздің түкпір-түкпірінен 131 оқушы қатысты. Биыл біздің оқушылар үздік нәтиже көрсеткенін айта кеткен жөн. Мысалы, былтыр қазақстандық оқушылар 3 алтын алса, биыл олардың саны 5-ке жетті. Азия-Тынық мұхиты елдерінің математикалық олимпиадасындағы жеңісі оқушыларымызға ұлттық құрама қатарына қосылып, IMO-да республика намысын қорғауға мүмкіндік береді. Балалар Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныта алуы үшін біз ел ішінде түрлі деңгейде олимпиадалар өткіземіз. Олимпиадада жеңістер әділ және адал болуы үшін оны электронды форматқа ауыстырдық, одан бөлек камералар сатып алдық. Былтыр оқушыларымыз ірі халықаралық олимпиадаларда рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, ел қоржынына 26 медаль әкелді», - деп айтты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.

Айта кетейік, Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы жарысқа қатысушылар елінің аумағында офлайн форматта өтті. Сондай-ақ оқушылар халықаралық олимпиаданы ұйымдастыру комитетінен бір уақытта тапсырмалар алды.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ