Қазақстандық білім беру ұйымдарында тамақтандыру сапасына күнделікті мониторинг жүргізу енгізілді
Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, биылғы жылы тиісті нормативтік құқықтық талаптар күшейтілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру стандарттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес қайта қаралды.
«Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру сапасын арттыру мақсатында күнделікті мониторинг енгізілді. Мектеп аспаздарының біліктілігіне, олардың білімі мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар күшейтілді. Өнім берушілердің қызметін бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы туралы шарт бекітілді. Сондай-ақ ас блогына бейнебақылау орнату міндеттелді», - деді министр. Сонымен қатар Ғани Бейсембаев «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін тамақ алатын балаларды автоматтандырылған түрде есепке алу жұмыстары жүргізілуде екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді, оны 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын екі ведомство басшысы мұндай шешімді білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру сапасына бірлесіп бақылау жүргізу барысында қабылдаған болатын.