Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қостанай облысында «Менің аулам – менің бағым» ауқымды экологиялық жобасы іске асырылуда. Жоба экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуге және балалар мен жастарды туған өлкені көгалдандыру ісіне тартуға бағытталған.Жоба өңірдегі мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын біріктіреді. Алғашқы алаңдардың бірі ретінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Қостанай қаласындағы №31 мектеп таңдалды.Бірінші кезеңде бастамаға 100 білім беру ұйымы, оның ішінде 85 мектеп, 12 колледж және 3 жоғары оқу орны қосылады. 2030 жылға дейін Қостанай облысындағы 400-ден астам білім беру ұйымын қамту жоспарланған.Жоба аясында 1 000 көшет отырғызылып, алғашқы 100 жеміс бағы құрылады. Алдағы уақытта тағы 3 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген. Аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына оқушылар, педагогтер және ата-аналар тартылады.Жобаның басты ерекшелігі - экологиялық тәрбиені тәжірибелік оқытумен ұштастыру. Мектеп бақтары биология мен экологияны оқып-үйренуге, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және оқушылардың экологиялық жобаларын жүзеге асыруға арналған алаңға айналады. Балалар өсімдіктерді өздері күтіп-баптап, еңбектерінің нәтижесін бақылауға мүмкіндік алады.«Менің аулам – менің бағым» жобасы жасыл аймақтарды қалыптастырумен қатар, өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын, жасампаз еңбек мәдениетін және туған жерге деген жанашырлығын арттыруды көздейді.
Қостанай облысында білім беру ұйымдарының аумағында жеміс бақтары құрылуда
3
0
0
29.10.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ