ҚР Білім және ғылым министрлігінің апталық жұмысына шолу

ҚР Білім және ғылым министрлігінің апталық жұмысына шолу

Осы аптада Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті

Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов модераторлық етті.

Білім және ғылым вице-министрлері Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында атқарылған жұмыстар жайында баяндап, басым бағыттар бойынша жоспарланған кешенді шараларды таныстырды.

Министрлік мектепке дейінгі кезеңнен бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақстандықтарға сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға баса назар аударып отыр.

Техникалық және кәсіптік білім бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Алдағы үш жылда жоғары оқу орындарының білім грантын 75 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Қаңтардан бастап мектеп және колледж мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы өсті. Сондай-ақ биылғы қыркүйек айында  студенттердің стипендиясы да өседі.

 

Осы аптада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесті

Жиынға қатысушылар мектеп оқушыларын кибербуллингтен қорғау, кәсіптік бағдар мен құқықтық тәрбие беру және тағы да басқа бағыттар бойынша жобаларын таныстырды.

Асхат Аймағамбетов министрлік үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын тыңдауға, қолдау көрсетуге әрқашан ашық екенін айтты.

Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесінде іске асқан көптеген сәтті жобалар бар.

Кездесу қорытындысы бойынша министр жауапты комитеттерге ұсыныс-тілектерді талқылауды тапсырды.

 

Осы аптада қаңтар ҰБТ-сы басталды

Еліміз бойынша 104 мыңға жуық талапкер тест тапсыруға өтінім берді.

Биыл министрлік қатысушыларға қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ тестілеу процесінің ашықтығы мен транспаренттілігін күшейту үшін бірқатар өзгеріс енгізді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге сызбаларсыз, диаграммасыз тест нұсқалары жасалды. Сондай-ақ тапсырмаларды орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут беріледі.

 

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев «БҒМ LIVE» айдарында қаңтар айындағы ҰБТ-ның өту барысы мен өзге де мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді.  

Тікелей эфирдің сақталған нұсқасын министрліктің Instagram және Facebook парақшасында көруге болады.   

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ