ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

 

Қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қабылданған шешім аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары бірлесе отырып, маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды. Ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы студенттерге дәріс оқиды, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етеді.Магистранттар мен докторанттар ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларында жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерінен жасақталған жүзден аса диссертациялық кеңес ашылады.

Осы аптада еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары анықталды. Байқауға 718 үміткер қатысты. Республикалық конкурстық комиссия 45 жоғары оқу орнының 150 оқытушысын үздік деп таныды.Жеңімпаздарды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттап, олардың әрқайсысына 6 млн теңгеден астам сыйақы табыстады. Ведомство басшысы мемлекет білім беру сапасын арттыру мен педагогтерді қолдау бойынша жүйелі жұмыс жасап жатқанын айтты.

Қазақстанда алғаш рет «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. 60 лауреат атаулы сыйлықтар мен мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды. Жылдың үздіктерін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. 50 ғалым 6 млн теңгеден сыйақы иеленді. Министр өз сөзінде Президенттің қолдауының арқасында өткен жылы ғылымды қаржыландыру 2 есеге артқанын айтты. Нәтижесінде ғылыми қызметкерлер саны 1,5 есе көбейді.

Министрліктің аппараттық жиынында қаңтар ҰБТ-сының алғашқы қорытындылары қаралды.Өтінім берген талапкерлердің 90%-ы тестілеуге қатысты. 65,5%-ы шекті межеден артық балл жинады. Асхат Аймағамбетов сынама тестілеудің бағасына қатысты шағым түсіп жатқанын айтты. Бір апта ішінде ҰБТ-ға, мұғалімдерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуге, магистратура мен докторантураға сынама тестілеудің құнын 2 есеге төмендетуді тапсырды. Аппараттық жиында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері съезінде қабылданған шешімдерді іске асыру жұмыстары таныстырылды. Бүгінде пән мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Үлгілік бағдарламаларды жетілдіру жұмысы басталды. Өзге тілді мектептеде екі пәнді жеке оқыту мәселесін қарастыру үшін кәсіби сарапшылар тобы құрылды. Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Колледждерге қабылдау емтиханы алынып тасталды. Құжат қабылдау egov.kz платформасында, толықтай электронды форматта болады. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сайтында ғылымға бөлінген қаражатты игеруге қатысты барлық ақпарат жарияланды. Енді кез-келген қазақстандық мемлекет қандай ғылыми жобаларды қаржыландырғанын бақылай алады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бюджет ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бастаманы қолдап, жоғары бағалады.

Осы аптада Асхат Аймағамбетов Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерімен кездесті. Дәстүрлі жиын барсында маңызды мәселелер талқыланып, білім саласын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Білім және ғылым министрлігі кадрлық резервке қабылданған жастардың басым бөлігін жұмысқа алған ведомство екенін айта кеткен жөн. Іріктеуден өткен қатысушылардың көпшілігі бүгінде білім саласында нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Асхат Аймағамбетов «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы елімізде жүзеге асқан сәтті бастамалардың бірі екенін айтты.

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Аризона университетімен бірлескен жоба бойынша келіссөз жүргізді. Күн тәртібінде стратегиялық серіктестік және Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды.Негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. IT, инженерия, агро-техникалық және т.б. бағыттар бойынша оқыту АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар. Елімізде шетелдік оқу орындарының кампустарын ашу студенттердің сыртқа кетуін азайтып, қазақстандық жоғары білім жүйесіне әлемдік стандарттар мен жаңа әдістемелер енгізуге мүмкіндік береді.

Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Ерлан Шуланов «БҒМ LIVE» айдарында білім ордасын Аризона университетінің басқаруына беру туралы сұрақтарға жауап береді. Тікелей эфирдің сақталған нұсқасын министрліктің Instagram парақшасында көруге болады.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ