ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Министрліктің аппарат жиынында мектеп кітапханаларының қорын дамыту мәселесі қаралды. 

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары 2 171 844 кітаппен толықты

71% - қазақ тілінде

23% - орыс тілінде

6% - ағылшын тілінде

ЖАНР БОЙЫНША:

87% - қазақ және әлем көркем әдебиеті

6% - ғылыми-танымдық әдебиет

2% - анықтамалық басылымдар

5% - қосымша әдебиет

Алайда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы жоба барлық өңірде жоғары деңгейде іске асырылып жатқан жоқ. Министр екі апта мерзімде барлық облыста кітап қоры бойынша талдау жүргізіп, есеп беруді тапсырды.  

 Жиында білім беру саласы бойынша 2020 жылғы аймақтардың рейтингі де қаралды. Аутсайдерлер қатарында Маңғыстау және Атырау облыстары бар. Қос аймақтың білім басқармаларының басшылары жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыс жоспары жайында баяндады.

 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференцияда ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат, ахметтанушы отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері баяндама жасады. Министрлік мерейтой аясында Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен  іздестіріп, ғылыми айналымға енгізуді жоспарлап отыр. Ұлт ұстазының есімін ұлықтау мақсатында «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісін бекіту жұмыстары, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлық тағайындау мәселесі  қаралуда.

 

Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі педагогтерінің съезіне қатысты. 300-ден астам маман мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту, педагогтердің кәсіби және тұлғалық өсуі, маман даярлау мен мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы туралы секциялық талқылауларға қатысты. Пленарлық отырыста Білім және ғылым министрі мектепке дейінді білім саласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілетінін айтты. Бұл ата-аналарға балабақша таңдау мүмкіндігін береді, ал білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сапаны қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі де өзгереді. Мамандардың біліктілігі, санитарлық, өрт қауіпсіздігінің сақталуы, бейнебақылаумен қамтамасыз етілуі секілді талаптар қойылып отыр.  

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қағазбастылықтан арылту үшін артық есептер алынып тасталады. Еңбек бөлінісі, жұмыс тәртібі мен тәрбиешілердің айлығы да қайта қаралады.

 

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Жиында бірқатар пәндерді оқытудағы олқылықтар, білім беру сапасын жақсартудың тиімді тәсілдерін анықтау және  жоғары кәсіби педагогтардың әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ білім беру және оқу бағдарламаларының сапасы мен мазмұнын жаңарту жұмысының барысы талқыланды. Ведомство басшысы оқытушылардың ұсыныстарын тыңдап, «ашық микрофон» форматында сұрақтарға жауап берді.

 

Осы аптада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауын өткізді. Кездесуге жазылған азаматтар білім беру жобаларын қаржыландыру, Түлкібас ауданында тесттілеу орталығын ашу мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Асхат Аймағамбетов қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша жауапты комитеттерге нақты тапсырмалар берді.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ