ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылдың түлектеріне жазған хатын жариялады. Министр мектеп бітірушілерге мамандық пен жоғары оқу орнын қалай дұрыс таңдау керектігі туралы кеңес берді. Сондай-ақ түлектерге ҰБТ-да сәттілік тілеп, биылғы жылдың ерекшеліктерімен таныстырды.

Министрліктің аппарат жиынында ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО арасында ынтымақтастық жөніндегі келісім шеңберінде атқарылған жұмыстар қаралды. 9 университеттің базасында ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе 40 диссертациялық кеңес құрылды. ҒЗИ-ның 143 ғалымы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесіне жұмылдырылды. 493 докторант пен магистрант 20-ға жуық ғылыми ұйымдардың базасында тағылымдамадан және тәжірибеден өтті. Ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айтқан Асхат Аймағамбетов науқанға айналдырмай, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жасауды тапсырды.

Аппараттық кеңесте педагогикалық білім сапасын арттыру мәселесі де қаралды. Болашақ мұғалімдерді дайындайтын университеттер оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша баяндама жасады. Асхат Аймағамбетов педагогикалық білім беру бағдарламаларына сараптама жасап, оларды аккредиттеудің нақты әдестемесін дайындауды тапсырды. Педагогикалық мамандықтарға түсетін үміткерлерге арналған арнайы емтихан талаптарын бекітуді жүктеді. Білім және ғылым министрлігі жастар арасында танымалдылығы артып келе жатқан TikTok әлеуметтік желісінде өз  парақшасын ашты. Онда мектеп оқушылары және студенттермен пайдалы ақпараттармен, қызықты видеолармен, жаңалықтармен және лайфхактармен бөлісуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде министрліктің Facebook, Telegram, Instagram және Youtube сияқты әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Министрлік қоғаммен байланыс құралдарының барлық тәсілдерін белсенді пайдаланып,  білім және ғылым саласындағы соңғы жаңалықтарды жылдам жариялауға тырысады. Білім және ғылым министрі аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне арналған конференцияға қатысты. Асхат Аймағамбетов аутизм спектрінің бұзылуы мәселелеріне арналған Республикалық үйлестіру кеңесін құрып, Үкімет мүшесі ретінде оны өзі басқаруға дайын екенін айтты. Сондай-ақ ведомство басшысы мамандар дайындау мәселесіне де тоқталды. Министр арнайы педагогика мамандарын оқытатын жоғары оқу орындарына ресурстық орталықтар ашуды тапсырды. Ал, қазақстандық ғалымдарға аутизм мәселелері бойынша зерттеу жүргізуді тапсырды. Министрлік мұндай ғылыми жұмыстарға арнайы грант бөлуге дайын.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ