Ереванда «Өзгермелі әлемдегі білім: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі білім берудің дамуына жаһандық шындықтың әсері» тақырыбына арналған мұғалімдер мен білім беру қызметкерлерінің VIII съезі өтті. Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жумадильдаева қатысты.
Өз сөзінде бірінші вице-министр білім беру жүйесінің дамуы мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде сапалы және қолжетімді білім беруге ерекше назар аударылып келеді.
«Бұл тұрақты дамудың барлық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдіміз. Алайда, сапалы білім сенімді бағалау жүйесін қажет етеді. Бағалау саласы өмірде табысқа жету үшін критикалық маңызы бар білім мен дағдыларды, соның ішінде оқу, математикалық, жаратылыстану, компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты, сондай-ақ оқу ортасын және мұғалімдердің жұмыс жағдайларын бағалауды қамтиды. Біз білім туралы заңда және ҚР білім беруді дамыту тұжырымдамасында бекітілген қажетті реттеуші негізді әзірледік», - деп атап өтті Наталья Жумадильдаева.
Съездге Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінен өкілдер қатысты. Съездің пленарлық және секциялық отырыстарында қатысушылар жаңа білім беру парадигмасының өзекті мәселелерін, білім сапасын бағалау критерийлерін, педагогикадағы жаңа трендтерді талқылады. Заманауи жағдайларда оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктері, модульдік білім беру бағдарламаларының бәсекелестігі, ұлттық мектеп білімінің стандарттары, қауіпсіз мектеп ортасы мәселелері мен техникалық және кәсіптік білім берудің даму тенденциялары туралы сөз қозғалды.