ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ЕЛОРДАНЫҢ ПМПК ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ЕЛОРДАНЫҢ ПМПК ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

 

Қазір елімізде 92 психологиялық - медициналық-педагогикалық консультация жұмыс істейді. Оның алтауы Астанада орналасқан.

№ 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияда сөйлеу тілі мен психикалық дамуы тежелген, қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесу (аутизм), есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетіледі. Күн сайын балалар психиатры, невропатолог, логопед, дефектолог, педагог - психолог, сурдопедагог, тифлопедагогтер күніне он балаға дейін қабылдайды.

«Біз мектептерге ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бойынша қызмет көрсетеміз. Мінез-құлқы мен әлеуметтік өзара әрекеттесуі бұзылған оқушыларға консультациялық көмек көрсетіп, оқу бағдарламасын анықтаймыз. Сонымен қатар педагог-ассистент те көмек көрсетеді», - деді басшы Мариям Жанкина.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балаларға ерте көмек көрсету үшін денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту қажет екенін атап өтті.

«Балалардың дамуындағы ауытқуларды дәл уақытында, ерте кезеңде анықтау үшін барлық шараларды қабылдау қажет. Сонда ғана нәтижелі түзетудің қолдауы тиімдірек болады. Осы ретте ата-аналарға әдістеме бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», - деді Ғани Бейсембаев.

№ 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Мұнда 55 мұғалім жұмыс істейді. Барлығы 460 балаға қызмет көрсететін №1 ППТК бойынша үш бөлім бар. Олар №68 мектеп – гимназиясында, №67 және №77 мектепте орналасқан.

«2025 жылға дейін ПМПК желісін 50 мың балаға шаққанда бір ПМПК есебінен 125-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. ПМПК, түзету кабинеттерінің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Соңғы екі жылда тағы 13 түзету кабинеті қосылды. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту айтарлықтай кеңеюде, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді», - деді Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директоры Әйгерім Кудеринова.

Айта кетерлігі, республика бойынша 92 ПМПК және 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ