ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкенттегі жұмыс сапары кезінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Тараптар педагогикалық қоғамдастықты дамыту және жас мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру жөнінде пікір алысты. Болашақ мұғалімдерді даярлау, заман талабына сай білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселесі көтерілді.

Кездесуде студенттер еліміздің бас педагогіне білім беру сапасы мен жас мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға қатысты сұрақтар қойды.

«Қазіргі жағдайда үш тілді меңгерген білікті мұғалім кез-келген кедергіні жеңіп, жетістікке жетеді. Сіздер түрлі компьютерлік бағдарламаларды меңгеруге, олардың барлық техникалық мүмкіндігін білім беру процесін жеңілдетуге пайдаланып, әлемдік деңгейдегі сапалы ақпараттық-интеллектуалдық ресурстарды өз бетімен алып, талдай білетін, жаңа идея ұсына алатын, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптасуларыңыз қажет», — деді Ғани Бейсембаев.Айта кетері, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – еліміздегі педагог маман даярлайтын ірі оқу орындарының бірі. Мұнда 39 мамандық бойынша 7000 болашақ педагог білім алып жатыр.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ