Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыруға арналған нақты шаралар жоспарын талқылады. Президент тапсырмасының шеңберінде балабақша педагогтерін аттестаттаудың жаңа жүйесі еңгізіліп, жалақылары өсті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мыңнан астам оқушы орны салынып, үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешеді. Ал әлеуметтік осал отбасылардың балалары мектеп формасымен тегін қамтылатын болады. Оқу бағдарламалары жаңартылып, математика, физика, химия, биология пәндерін оқыту сағаттары көбейеді. Жоғары сыныптарда бейіндеу жүргізіледі.
Жаңа оқу жылында 125 мың қазақстандық колледждерде оқуға грант иеленді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Былтырмен салыстырғанда 45 мың грантқа көп. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түскен талапкерлердің жалпы саны 183 мыңнан асты. Оқуға түскен студенттердің басым бөлігі инженерия, білім беру, құрылыс, туризм, қонақ үй бизнесі және т.б. салаларды таңдаған. Биыл тегін оқуға түскісі келетіндерге арналған квоталар тізімі кеңейтілді.
Елімізде 18 мыңнан астам пән мұғалімі тегін біліктілік арттыру курсынан өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының 70-тен астам маманы 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірлеген болатын. Курстар қараша айының соңына дейін жалғасады. Орталық осы уақыт аралығында 40 мыңнан астам пән мұғалімін оқытуды жоспарлап отыр.