Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. Бүгінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларымен құрылысқа жер бөлу жұмысы басталып кетті. Жобаның негізгі мақсаты – апатты және үш ауысымды мектептер проблемаларын шешу, заманауи талаптарға сай 800 мың жаңа оқушы орындарын құру арқылы орын тапшылығын жою. Жоба аясында салынатын мектептердің құрылысы бірыңғай үлгіде жүреді. Яғни қалалық және ауылдық мектептерге қойылатын талаптар бірдей болады.
Осы аптада Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов азаматтарды қабылдады. Ведомство басшысына Нұр-Сұлтан қаласының, Алматы, Ақмола, Жамбыл және Жетісу облыстарының тұрғындары бейнебайланыс арқылы жүгінді. Онлайн-кездесуда көтерілген тақырыптардың арасында еңбек қатынастары, мектептердегі орын тапшылығы және жеке мәселелер болды. Түскен өтініштер мен шағымдар бойынша көшпелі тексеріс жүргізіледі. Асхат Аймағамбетов барлық сұрақтар бойынша түсініктеме беріп, жауапты комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 75 мың бала колледжде тегін оқуға грант алды. Былтырмен салыстырғанда жеңілдікпен оқуға түскендердің саны 25 мыңға артты. Бұл квота санаттары тізбесін кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Оқуға түскендердің 1101-і ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер. Биыл қазақстандық колледждерге барлығы 183 мың талапкер оқуға түсті.
Ұстаздар күні қарсаңында елімізде «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Конкурсқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері қатыса алады. Биыл байқаудың барлық кезеңі, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылды. Құжаттарды қабылдау https://teachercontest.iac.kz/ веб-порталында 12 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Байқау ережелері туралы қосымша ақпарат Оқу-ағарту министрлігінің сайтында бар.