ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Министр Қонаев қаласында облыс тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Ведомство басшысы министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы, жаңашылдықтары туралы айтып берді. Дәстүр бойынша, көп уақыт сұрақ-жауап сессиясына арналды. Облыс тұрғындары жетім балалар мен әлеуметтік осал топтардың балаларын әлеуметтік-педагогикалық сүйемелдеу, «Жас маман» жобасын жалғастыру, директорларды ротациялау және тағы да басқа мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Кездесуден кейін министр «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысымен танысты. Жаңа мектеп келесі жылы қолданысқа беріледі. Министр мердігер компания өкілдерімен мектептің сапасы мен уақтылы пайдалануға беру мәселелерін талқылады. Алматы облысына жұмыс сапары аясында Асхат Аймағамбетов ауыл мектептері мен балабақшаларына да барды. Оқу кабинеттерін, спорт залдарын, кітапханаларды, асханаларды аралап, педагогтармен әңгімелесті.

Оқу-ағарту министрінің аймақтарға жұмыс сапары Жетісу облысында жалғасты. Сарыөзек ауылында облыс тұрғындарымен есеп беру кездесуі өтті. Асхат Аймағамбетов атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Ата-аналар мен мұғалімдер ұстаздардың сағат жүктемесі, түлектерді жұмысқа орналастыру, мектептердің әлеуетін арттыру және тағы да басқа мәселелер бойынша сұрақтар қойды.Есеп беру кездесуінен кейін министр ауылдағы Күреңбел мектебі мен «Ай-Сана» балабақшасына барды. Алдымен қауіпсіздік шараларын бақылап, бейнебақылау камераларының және «дабыл түймелерінің» жұмысын іс жүзінде тексерді. Оқу кабинеттерін, кітапхананы, асхананы аралап, әріптестерімен санат тағайындау, есептілік, ҰБТ өткізу және өзге де мәселелерді талқылады.

Асхат Аймағамбетов М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің «Public lecture» атты жаңа жобасына қатысты. Министр студенттер мен оқытушыларға атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ білім саласындағы маңызды мәселелерге қатысты көзқарасымен бөлісті.

Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова «Oqu-ağartu LIVE» айдарында мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жаңа моделі туралы айтып, сұрақтарға жауап берді. Бүгінгі таңда Президентінің тапсырмасына сәйкес, балабақша тәрбиешілерінің айлығын көбейтіп, жүктемесін азайту мақсатында бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік стандарт, үлгілік оқу жоспары мен оқу бағдарламасы жаңартылды. Бұдан бөлек балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және педагогтердің жүктемесін азайту мақсатында «Күн бойында топтағы 2 тәрбиеші» жобасы сынақтан өтіп жатыр.

Қазақстандықтар мектепті немесе колледжді бітіргені туралы аттестаттар мен дипломдарды цифрлы және қағаз нұсқада ала алады. Цифрлы құжат азаматтарға Egov-тегі жеке кабинеті арқылы қолжетімді болады. Бұл түлектерге оқуға түсу, жұмысқа орналасу және т. б. кезінде құжат ұсынуды жеңілдету үшін жасалып отыр.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ