ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды бірлесіп әзірлеуге және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қос тарап балабақшалар мен мектептердегі «жалған орындарды» бірлесіп анықтауды, білім беру ұйымдарының қаражатты пайдалануының ашықтығын қадағалауды, директорлар мен мұғалімдердің бос орындарына ашық конкурстар өткізуді және т.б. мәселе бойынша жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. Министр білім беру саласы бойынша өңірлерге бағытталған нысаналы трансферттердің қаншалықты мақсатты жұмсалатынын қадағалау маңызды екенін атап өтті. Бұл қаражат басқа бағыттарға жұмсалмай, тек білім саласын дамытуға жұмсалуы керек.

Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрлігі мен TikTok компаниясы бірлесіп ұйымдастырған #ҚазақстанМұғалімдері байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқаудың ресми хэштегтері қазақстандық TikTok сегментіндегі ең танымал хэштегтердің біріне айналды. Қысқа роликтер 190 млн-нан астам қаралым жинады. Педагогтер математика, қазақ тілі, информатика және басқа да пәндер бойынша пайдалы лайфхактардан бастап күнделікті мектеп өмірі тақырыбына дейінгі түрлі роликтерді жариялады. Байқау қорытындысы бойынша «Ең креативті мұғалім» номинациясы сабақтың тақырыбын қысқаша, түсінікті және креативті түрде түсіндіре алған математика мұғалімі Хасен Мұхамадиге берілді. «Мұғалім - жаңалық» атағын математика пәнінің мұғалімі Бекболат Комолов алды, оның аккаунты байқау кезінде ең көп қаралды. «Үздік бейнеролик» номинациясы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансая Мейірбекқызы жеңімпаз атанды, оның байқау барысында түсірген видеосы ең көп қаралды.

 

«Педагог мәртебесі туралы» заңның арқасында Қазақстанда мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері айтарлықтай азайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті хабарлады. Мысалы, 2021 жылы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларының сақталмауы туралы 105 өтініш түскен болса, биыл 67 өтініш тіркелген.

2022 жылы қазақстандық мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 1,2 трлн теңге бөлінді. Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінің ақпараты бойынша мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің айлығын көберуге 121,5 млрд теңге, орта білім беру ұйымдары мұғалімдерінің жалақысын өсіруге 1,04 трлн, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің айлығын көбейтуге 39,8 млрд теңге бағытталды. 2020 және 2022 жылдарды салыстыратын болсақ, педагогтердің еңбекақысын көтеруге және оларға үстемақы төлеуге республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 3 есе өскен.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ