ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының әкімдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірлерде білім беру сапасын арттыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері талқыланды. Ғани Бейсембаев бірқатар өңірлердің әкімдерімен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салу мәселелерін талқылады. Тараптар оқушы орындарының тапшылығын, үшауысымды және апатты мектептерді жою үшін білім беру объектілерін уақытылы қолданысқа берудің маңызын атап өтті. Айта кетейік, облыс әкімдерімен кездесу қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әр аймақта білім беруді дамытудың бірлескен арнайы өңірлік бағдарламасын қабылдайды.

Оқу-ағарту министрі Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаин Мұстафаевпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды дамыту және орта білімге қатысты мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Академия жұмысы туралы, оның ішінде жаңа оқу материалдарын әзірлеуге қатысты мәселелер қаралды. Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Түркі академиясы – түркі әлемін зерттеу мақсатында құрылған ғылыми орталық. Құрылтайшы елдер: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеті.

Елімізде робототехникадан іріктеу ойындарына екі мыңнан астам оқушы қатысады. Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары Американың Хьюстон қаласында өтетін халықаралық чемпионатта ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Дүниежүзілік FIRST Robotics қозғалысы аясында іріктеу ойындары 21-29 қаңтар аралығында Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында өтеді. Жарыс Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Robotics қоғамдық қорының қолдауымен өтеді. Естеріңізге сала кетейік, соңғы 3 жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам робототехника кабинеті ашылды. Екі мыңнан астам мұғалім робототехника курстарынан өтті.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ